Еуропа елдері БҰҰ Халықаралық сотына қолдау білдірді
АСТАНА. KAZINFORM – Еуропа елдері АҚШ әкімшілігінің Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) апелляциялық палатасының төрт судьясына жаңа санкциялар енгізу туралы шешіміне байланысты Халықаралық сотқа қолдау білдірді.

Бұл палата Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен бұрынғы қорғаныс министрі Йоав Галлантқа шығарылған қамауға алу ордерлері бойынша апелляцияларды қарастыруда.
Еуропаның көптеген елі Вашингтон әкімшілігінің санкциялық шешіміне қатысты мәлімдеме жасады.
Еуропа одағы (ЕО) комиссиясының төрайымы Урсула фон дер Ляйен X әлеуметтік желісінде:
— Комиссия Халықаралық қылмыстық сотты және оның лауазымды тұлғаларын толығымен қолдайды, — деп жазды.
Оның айтуынша, ХҚС әлемдегі ең ауыр қылмыс жасаған адамдарды жауапқа тартады. Урсула фон дер Ляйен Соттың ешқандай қысымсыз еркін жұмыс істеуі қажет екенін атап өтті.
Саясаткер халықаралық әділеттілік пен халықаралық құқықты құрметтеуді әрдайым қолдайтынын айтты.
Нидерланды
Нидерланд сыртқы істер министрі Каспар Вельдкамп Нидерланд Халықаралық қылмыстық соттың лауазымды тұлғаларына қарсы жаңа санкцияларды құптамайтынын атап өтті. Тәуелсіз халықаралық сот өз жұмысын еш кедергісіз атқаруы тиіс. Біз Сотты нық қолдаймыз.
— 125 мүше мемлекеттің бірі және Сотты қабылдаушы ел ретінде біз оның барынша кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге толық бейілдіміз, — деді Вельдкамп.
Словения АҚШ-тың ХҚС судьяларына санкция салу туралы шешімін қатаң айыптады.
— Мен АҚШ-тың Халықаралық қылмыстық сот судьяларына, соның ішінде словениялық судья Бети Холерге санкция салу туралы шешімін қатаң айыптаймын. Бұл өте алаңдатарлық әрі қабылдауға болмайтын қадам, — деді Словения президенті Наташа Пирц Мусар.
Ол әділет пен заң үстемдігіне қызмет ететіндерге ешбір ел қоқан-лоқы жасамауы немесе жаза қолданбауы тиіс екенін баса айтты.
Мусар ХҚС — адамзатқа қарсы аса ауыр қылмыстарды қудалау үшін халықаралық қауымдастық құрған тәуелсіз сот органы екенін атап өтіп, бұл соттың судьяларына күмән келтіру есеп беру мен әділет идеясына «шабуыл» деді.
Президент Словения ХҚС-тың тәуелсіздігін қорғауды жалғастыратынын мәлімдеді.
— АҚШ шешімі халықаралық құқықтың күйреуі емес. Керісінше, бұл оны қорғауымыз қажеттігін күшейтеді, өйткені халықаралық құқықты құрметтеу — Словения сыртқы саясатының өзегі. Словения АҚШ үкіметінің ХҚС-тың төрт судьясына, соның ішінде словениялық судьяға қатысты жариялаған санкцияларына өкініш білдіреді, — делінген Словения Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.
— Словения сот мекемелеріне қысым мен сот жұмысына араласуды қабылдамайды, ал соттар заң мен әділет мүддесінде әрекет етуі тиіс. Біз қазіргі уақытта азаматымыз болатын судьяның өз міндеттерін атқаруын қолдаймыз. ЕО-ға мүше елдің бір азаматы санкциялық тізімге енгеніне байланысты Словения санкцияларға жол бермейтін заңнама қабылдауды дереу ұсынады».
Аустрия
Аустрия Сыртқы істер министрлігі X әлеуметтік желісінде жариялаған мәлімдемесінде, АҚШ-тың ХҚС-тың төрт судьясына санкция салу шешімі терең өкініш тудыратынын жеткізді.
— Халықаралық қылмыстар үшін жазасыздықты болдырмау бағытында жұмыс істейтін Халықаралық қылмыстық соттың қызметіне кедергі келтірілмеуі тиіс, — делінген мәлімдемеде.
Финляндия
Финляндия Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде, АҚШ-тың санкция туралы шешімі үлкен алаңдаушылық тудыратыны айтылды.
Хельсинкиде ХҚС өз миссиясын қорықпай орындауы тиіс екені және сот жүйесі мен айыптаудың тәуелсіздігі маңызды екені атап өтілді.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио ХҚС-тың төрт судьясы АҚШ пен Израильдің егемендігін бұзды деген желеумен санкциялық тізімге енгізілгенін хабарлады.