Еуропа елдері неге Қызылорда қамысына қызығушылық танытып отыр
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Кейінгі жылдары Сыр өңірінде ауыл шаруашылығы бойынша экспорт көлемі артып келеді. Оның ішінде Еуропаның бірқатар мемлекеттерінен қамысқа сұраныс ерекше байқалып отыр. Сол арқылы жергілікті кәсіпкерлер қаншама адамды жұмыспен қамтып, мол табысқа кенеле бастады. Осы орайда Kazinform тілшісі аталған тақырыпқа қатысты ғалымдар, мамандар және кәсіпкерлермен ой бөліскен еді.

Экспорт көлемі артып келеді
Қамысты экспортқа шығару жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, 2020 жылы 122 тонна шабылған және кептірілген қамыстың алғашқы партиясы Еуропаға жіберілген. Ол 2021 жылы 900 тоннаға дейін жетті. Қазіргі уақытта шетелге шығып жатқан өнім сол шамалас.
Кейінгі жылдары Сыр өңірінің ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс артып отыр. Биыл 1 шілдедегі мәлімет бойынша 36,9 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортқа шығарылған. Оның ішінде күріш, балық өнімдері, қамыс, күріш қалдығы бар.

— Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, экспорт көлемі 118,3 пайызға жетті. Жалпы құны — 20 млн доллар, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.
Сондай-ақ биыл нидерландтық инвестор Сулейман Каракая Жалағаш ауданында болып қайтты. Аудан әкімдігінде өткен кездесу барысында Жалағаш ауданынан қамыс орумен айналысатын кәсіпорын ашу мәселесі талқыланды. Нәтижесінде Жалағаш ауданы бойынша 1 млрд теңгеге қамыс сатып алуға келісім жасалды.
Бұл өсімдік еліміздің барлық өңірінде кездеседі. Десе де, ол Сырдария бойынан жиі байқалады. Екі ғасырдан астам уақыт бұрын іргетасы қаланған қазіргі Қызылорданың алғашқы атауы Қамысқала деп жазылуының өзі бекер болмаса керек-ті. Негізінен бұрынғы жылдары қамыс малдың жейтін шөбі ретінде пайдаланылып келеді.
Шетелде сұраныс жоғары
Бүгінгі кезеңде оны шетелге экспортқа шығарып, мол пайдаға кенеліп жатқандар бар. Қызылорда облысы Қазалы ауданында тұратын Райысбек Аяпбергенов пен Венера Тайлақбаева үш жылдай бұрын тың кәсіпті қолға алды. Облыс аумағында өзен жағасында табиғи жолмен өсіп тұрған қамысты шетелге сатып, көп-көрім пайдаға кенелді.

— Еуропаның кейбір мемлекеттерінде қамысты үйдің шатырын жабуға пайдаланатынын білдік. Осы мақсатта ол жақтағы азаматтармен іскерлік байланыс орнаттық. Ол жақтағылар біздің жерде өсіп тұрған қамысты жоғары бағалап, оған бірден тапсырыс беруге ниет білдірді. Осылайша алғашқы келісімге келіп, оны шетелге шығаруға мүмкіндік алдық. Қамысты ең алдымен Нидерландқа жөнелттік. Уақыт өте келе тұтынушылар саны арта бастады. Қазір оны Германия, Дания, Франция мемлекеттеріне экспортқа шығару ісі жолға қойылды. Шетелдік азаматтар қамыспен жабылған баспананың қыста жылы болатынын айтады. Ал жазда үй іші салқын болады. Ол екінші жағынан үйдің әдемі болуына оң әсерін тигізеді. Бір маусымда 60-70 жүк көлігіне дейін қамыс жөнелтеміз. Негізі Қызылорда облысында үйдің төбесін қамыспен жабу бұрыннан бар, — дейді қазалылық кәсіпкер Венера Тайлақбаева.
Оның айтуынша, қамыс негізінен қысқы мезгілде орылады. Жаз мезгілінде оларды жолға дайындайды. Арнайы буып, көлікке артуға әзірлейді.
— Рас, жұмыс оңай емес. Жасыратыны жоқ, көп адам аз уақыт жұмыс жасап, кетіп қалып жатады. Әдетте Қызылорда облысында жазда өте ыстық болатыны белгілі. Мұндай сәтте жұмыс істеу қиынға соғады. Ал қысты қамыс орудың нағыз қызған шағы деп бағалауға болады. Бұл уақытта жұмыс қолы жетісе бермейді. Тіпті, бұл кезеңде 200-300 адамға дейін еңбекпен қамти аламыз. Жолдасым қамысты жинаумен айналысса, мен оны өткізуге көңіл бөлемін, — дейді В.Тайлақбаева әңгімесін толықтырып.
Мәлімет көздерінде айтылғандай, суда өсетін қамыс ағашқа қарағанда ылғалға өте төзімді келеді. Ол шамамен 48 пайызға дейін жетеді. Осындай қасиеттерін бағалаған сұранысқа жоғары. Дегенмен қамыстың кез келген түрі жарамайтын болғандықтан ол сапасына қарай сұрыпталады.

Тегін өсіп тұрған қамысты өзімізде кәдеге жарата алмай отырмыз
Жер шарында кеңінен таралған қамыс тек Арктика мен Антарктидада ғана кездеспейді. Әлемнің қалған бөлігінде жиі көзге ұшырасады. Елімізде ол негізінен жерасты суы жерге жақын жатқан аймақтарда өседі. Қамыс құмды, сортаң жерлерде көрініс береді. Оның кәдімгі қамыс және құрақ түрінде кездесетін екі түрі бар.
— Сыр өңірінің табиғаты қатал. Бұл жерде кез келген өсімдік түрлері бойын тіктеп кете алмайтыны белгілі. Ал қамыс жағдай талғай бермейді. Судың жағасында өсетін қамыс негізінен вегетативті жолмен көбейеді. Облыс аумағында өзеннің сағасы мен көлдер жүйесінде көбірек өседі. Арықтардың бойында байқалады. Жергілікті шаруалар оны сиыр, жылқы секілді түлік түрлеріне азық ретінде орып алады. Сондай-ақ тұрғындар оны әлі де үйдің төбесін жабуға пайдаланады. Оған қоса ондатр, саз құндызы секілді кеміргіштер де оны азық қылады. Химиялық жолмен одан шайыр, метил спирті, сірке қышқылы, қағаз алынады. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының орта шенінде облыста одан қағаз шығаруға байланысты ұсыныс болған еді. Дегенмен ол өндіріс жолға қойылған жоқ. Тек сөз жүзінде қалып қойды. Қамысқа байланысты жергілікті шаруалар кезігетін проблемалар жоқ емес, — дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда уаниверситетінің оқытушысы, география ғылымдарының кандидаты Оразхан Айдаров.
Ғалымның айтуынша, қамыс қалың тоғай болып өсіп кетсе, суармалы егістік дақылдарына зиян келтіреді. Жергілікті шаруалар оны тазалау үшін түрлі әдістер қолданады. Егістік алқабын қамыстан тазалау үшін шабу, өртеу жұмыстары атқарылады.

Ғалым елімізде қамысты әлі де кәдеге жарата алмай жүргенімізді айтады. Осындай селқостық салдарынан Қазақстандағы қамыстың 70-80 пайызы орылмай қалады.
Ен далада еркін өсіп тұрған аталған өсімдікті тиімді пайдалана алсақ едәуір кіріс кіргізе алатын түріміз бар.