Еуропа Қазақстан азаматтарына виза режимін жеңілдетуге қызығушылық танытып отыр

Еуропалық одақ елдері Қазақстан азаматтарына виза тәртібін жеңілдетуге қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

туризм
Фото: ҚазАқпарат

«Жарты жыл бұрын Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Брюссельге сапармен барып, ЕО-ның виза мәселесіне жауап беретін жоғары лауазымды өкілдерімен кездесу өткізді. Ол жақта Еуропа тарапының бізге виза алуды жеңілдететіндігі туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сол диалогтың жалғасы ретінде Брюссельдегі Елшілігіміз арқылы осы жақта да тиісті жұмыс істеп жатырмыз», — деді Айбек Смадияров ведомствода өткен брифингте.

Оның атап өтуінше, өткен аптада еліміздің Сыртқы істер министрінің консулдық мәселелерге жетекшілік жасайтын орынбасары Қазақстанда аккредиттелген еуропалық елшіліктердің өкілдерімен кездескен. 

Еуропалық тарап визаны жеңілдету процесіне зор қызығушылық танытып отыр.

Дегенмен, отандастарымызға Шенген визасын алу қашан жеңілдейтіні белгісіз.

«Ол жерде 27 ел бар. Оңай емес, үлкен бюрократия бар. Оның бәрін еңсеріп, визалық режимді жеңілдетуге уағдаласу керек», — деді Айбек Смадияров.

Соңғы жаңалықтар