Еуропа Кеңесі Таяу Шығыстағы дағдарысты шұғыл талқыламақ

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропа Кеңесі Таяу Шығыстағы жағдайды Еуропа кеңесінің министрлер комитеті отырысының күн тәртібіне енгізеді. Бұл туралы Еуропа кеңесінің бас хатшысы Ален Берсе мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Брюссельдегі тілшісі. 

Ален Берсе
Фото: Акорда

Оның айтуынша, Таяу Шығыс Еуропа кеңесінің шығыс шекараларына таяу аумақта ауқымды қақтығысқа қарай ойысып барады. Зымыран соққылары халықаралық құқықты «қаруға» айналдырып отыр, ал Иран мен бүкіл өңірдің бейбіт халқы негізгі соққыны қабылдап жатыр.

— Бұл эскалация соңғы дағдарыс тізбегімен қатар Еуропа кеңесіне мүше 46 мемлекет деңгейінде құқық бұзуды, күш қолдану мен санкцияларды бағалай алатын, шешімдерді тоқыраусыз әрі үйлесімді қабылдауды қамтамасыз ететін ортақ еуропалық құқықтық тетік құру қажеттігін айқын көрсетеді. Бұрын талқыланған мәселе енді стратегиялық қажеттілікке айналды, — делінген Ален Берсенің мәлімдемесінде.

Оның сөзінше, Еуропа Парсы шығанағындағы шиеленісті бәсеңдету үшін нақты шешім қабылдап, өңірдегі өз азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар халықаралық құқықты, соның ішінде БҰҰ жарғысын құрметтеуді талап етуі қажет.

Бас хатшы барлық тарапты дереу атысты тоқтатуға шақырды және Таяу Шығыстағы қақтығыстың ушығуын Еуропа кеңесі министрлер комитетінің келесі отырысының күн тәртібіне енгізетінін айтты. Бұл Еуропаның біртұтас құқықтық база аясында үйлесімді әрекет ету қабілетін ұжымдық түрде талқылауға мүмкіндік береді.

Ален Берсенің пікірінше, уақыт шешуші рөл атқарады. Егер тұрақты әрі міндетті құқықтық құрылым шеңберінде ұжымдық еуропалық қауіпсіздік жүйесі қалыптастырылмаса, Еуропа өзге тараптар туындатқан дағдарыстарға тек реактивті түрде жауап берумен шектеледі. Оның ойынша, жалғыз балама  қауіпсіздік пен беделді заң аясында қалпына келтіру.

Айта кетейік, Еуропа кеңесінің министрлер комитеті — ұйымға мүше 46 елдің сыртқы істер министрлерінен тұратын жоғары директивалық және атқарушы орган. Парламенттік ассамблеядан айырмашылығы, министрлер комитеті заңды күші бар шешімдер қабылдай алады.

Бұған дейін Еуроодақ елдерінің сыртқы істер министрлері шұғыл конференция өткізетіні хабарланған еді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум