Еуропа лигасы: «Ақтөбе» «Легиядан» есе қайтара ала ма

АСТАНА. KAZINFORM - «Ақтөбе» футбол командасы бүгін UEFA Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Польшаның «Легия» (Варшава) командасымен қарымта ойын өткізеді.

Еуропа лигасы: «Ақтөбе» «Легиядан» есе қайтара ала ма
Фото: «Ақтөбе» футбол клубы

Ойын қазақстандық уақытпен 00:00-де басталып, «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

«Легия» командасы 1916 жылы құрылған. Өз елінде 15 рет чемпиондық атаққа қол жеткізген. Бұған дейін соңғы рет варшавалық клуб ішкі біріншілікте 2021 жылы алтын медальға ие болды. Биыл Польша кубогының иегері атанды және Конференция лигасының 1/4 финалына дейін жетті.

«Легия» қазақстандық клубтармен екі мәрте еурокубок ойындарында бақ сынады. Алдымен 2014 жылы Еуропа лигасы плей-офф сатысында «Ақтөбені» (1:0, 2:0) қапы қалдырса, одан кейін 2023 жылы Конференция лигасы екінші іріктеу кезеңінде Шымкенттің «Ордабасы» клубын (2:2, 3:2) жарыстан шығарды.

Еске салсақ, бұдан бұрын алматылық «Қайрат» UEFA Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Словенияның «Олимпия» клубын (1:1, 2:0) қапы қалдырды.

Айта кетсек, шымкенттік «Ордабасы» футбол командасы UEFA Конференция лигасының бірінші іріктеу кезеңінде бүгін Грузияның «Торпедо» (Кутаиси) командасымен қарымта ойын өткізеді.

Алғашқы кездесуде қазақстандық команда қарсыласына 3.4 есебімен есе жіберді.

Ал елордалық «Астана» аталған турнирді екінші іріктеу кезеңінен бастайды.

Соңғы жаңалықтар