Еуропа лигасы: «Байер» мен «Аталанта» финалда кездеседі
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан UEFA Еуропа лигасының финалына шыққан екі команда анықталды.
Жартылай финалдағы алғашқы кездесуде «Байер» (Германия) мен «Рома» (Италия) шеберлік байқасты.
Сырт алаңда ойнағанына қарамастан германиялық клуб қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсіп, финалға шығу мүмкіндігін арттыра түскен еді.
Бүгінгі ойын барысында «Байер» бірден ойын тізгінін қолға алуға тырысты. Көптеген шабуыл ұйымдастырды. Десе де олар діттеген мақсатына жете алған жоқ. Есесіне өз қақпасына белгіленген екі пенальтиден гол жіберіп алды. Оны «Рома» сапынан Леандро Паредес 43, 66-минуттарда мүлт жіберген жоқ.
Ойынның 83-минутында италиялық клубтан Джанлука Манчини өз қақпасына гол соғып алса, «Байер» сапынан Йосип Станишич 96-минутта таразы басын теңестірді.
Осылайша кездесу 2:2 есебімен тең аяқталып, екі ойынның нәтижесімен «Байер» финалға жолдама алды.
Сондай-ақ, олар команданың жеңіліссіз сериясын 49 ойынға жеткізді.
Жартылай финалдағы тағы бір кездесуде «Аталанта» (Италия) мен «Марсель» (Франция) ойнады.
Бұл кездесуде италиялық клубтан Адемола Лукман 30-минутта мергендік танытса, Маттео Руджери 52-минутта есепті үстемелей түсті.
Ал 95-минутта «Аталанта» сапынан Эль Билал Туре қорытынды есепті белгіледі. Ойында олар қарсыласынан 3:0 есебімен басым түсті.
Екі команда арасындағы бірінші кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды.
Енді 22 мамырда финалда «Байер» мен «Аталанта» кездеседі.
Финал Ирландия астанасы Дублин қаласындағы «Авива» стадионында өткізіледі.