Еуропа лигасы: «Манчестер Юнайтед» сырт алаңда жеңіске жетті

АСТАНА. KAZINFORM - 1 мамырда футболдан UEFA Еуропа лигасы жартылай финалындағы алғашқы ойындар өткізілді.

Манчестер Юнайтед
Фото: championat.com

Жарыстың аталған сатысындағы кездесудің бірінде «Атлетик Бильбао» (Испания) мен «Манчестер Юнайтед» (Англия) шеберлік байқасты.

Кездесу барысында англиялық клубтың белсенділігі байқалып тұрды. Нәтижесінде олардың қатарынан Каземиро 30-минутта есеп ашса, 37-минутта Бруну Фернандеш пенальтиден мүлт кеткен жоқ.

Ойынның 45-минутында Бруну Фернандеш тағы бір мәрте мергендік танытып, кездесудің нүктесін қойды.

Осылайша англиялық клуб қарсыласынан сырт алаңда 3:0 есебімен басым түсті.

Сондай-ақ тағы бір кездесуде «Тоттенхэм Хотспур» (Англия) мен «Бодо-Глимт» (Норвегия) ойнады.

Аталған матчта «Тоттенхэм Хотспур» жылдам гол соғып үлгерді. Олардың қатарынан Бреннан Джонсон 1-минутта қақпа торын тулатса, 34-минутта Джеймс Мэддисон есепті үстемелей түсті.

Тағы бір голды Доминик Соланке 61-минутта пенальтиден енгізсе, норвегиялық команда сапынан Ульрик Салтнес 83-минутта жалғыз голмен жауап қайырды.

Англиялық команда қарсыласын 3:1 есебімен басым түсті.

Енді қарымта кездесу 8 мамыр күні өткізіледі.

Соңғы жаңалықтар