Еуропа лигасы: «Тобыл» сырт алаңда ойсырай жеңілді
АСТАНА. KAZINFORM - Қостанайдың «Тобылы» футболдан Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Словакияның «Ружемберок» командасымен кездесті.

Ойынның бірінші кезеңінде 5 гол соғылды. Алдымен «Тобылдың» жартылай қорғаушысы Игор Иванович 9-минутта командаласы Ислам Чесноковтың берген пасын голға айналдырды. Есесіне көп ұзамай словакиялық командадан Шимон Габриэль 11-минутта көзге түсті. Ал, 40-минутта «Ружемберок» сапынан Александер Селецки өз командасын алға шығарды.
Ойынның 45-минутында қостанайлық клуб сапынан Игор Иванович командаласы Давид Эненге әдемі пас шығарып берді. Қақпашымен бетпе-бет келген Энен допты қақпа торында тулатты. Арада үш минуттай уақыт өткенде «Тобыл» қақпашысы қақпасына енген допты алып шығуға мәжбүр болды. Словакиялық клуб ойыншысы Шимон Габриэль дубль авторы атанды.

Екінші кезеңде «Ружемберок» ойыншылары екі гол соғып кетті. Оны Матей Мадленяк 77, Матуш Малы 88-минутта еншісіне жазды. Осылайша «Тобыл» сырт алаңда 2:5 есебімен ойсырай жеңілді.
Қарымта кездесу 18 шілдеде өтеді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінде «Ордабасы» өз алаңында молдовалық «Петрокуб» командасымен тең түскен болатын. Ал, «Ақтөбе» Қобыланды батыр атындағы стадионда жанкүйерлерін қуанта алмады. Дмитрий Парфенов жаттықтыратын команда босниялық «Сараеводан» 0:1 есебімен жеңіліп қалды.