Еуропа лигасы: «Астана» беларусьтық БАТЭ-ні екінші мәрте жеңе ала ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан UEFA Еуропа лигасы плей-офф сатысының алғашқы ойындары өтеді. Елордалық «Астана» Беларусьтің БАТЭ командасын қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі команда да биылғы Еурокубок ойындарын UEFA Чемпиондар лигасында бастады. Аталмыш дүбірлі доданың бірінші сатысында «Астана» Румынияның ЧФР командасына жол берді. Одан кейін Еуропа лигасы екінші сатысында Андорраның «Санта-Колома», үшінші сатысында Мальтаның «Валлетта» командаларын орта жолда қалдырды. Осылайша, «Астана» жарыстың плей-офф сатысына жолдама алды.

БАТЭ Чемпиондар лигасының бірінші сатысында Польшаның «Пяст» командасынан басым түссе, одан кейін Норвегияның «Русенборг» клубына есе жіберіп қойды. Келесі кезекте Еуропа лигасы үшінші іріктеу сатысында Боснияның «Сараево» клубын тізе бүктірді.

БАТЭ елімізкомандаларына жақсы таныс. Еурокубок ойындарында бұдан бұрынғы жылдарда да шеберлік байқасты. Алдымен 2013 жылы Чемпиондар лигасы екінші іріктеу сатысында Қарағандының «Шахтерынан» өз алаңында 0:1 есебімен жеңілсе, сырт алаңда да дәл сол есеппен есе жіберді. Беларусь клубы одан кейін 2016 жылы Еуропа лигасы плей-офф кезеңінде елордалық «Астана» клубымен жолықты. Алғашқы кездесуде сырт алаңда олар қарсыласына 0:2 есебімен жол берсе, араға апта салып өз алаңында 2:2 есебімен тең түсті. Осылайша, екі мәрте қазақстандық клубтардан айналып өте алған жоқ.

Бүгінгі қарсыласымыз әуелгіде 1973 жылы Борисов автотрактор электржабдықтары зауыты базасында құрылған. Сол кезеңде команда Беларусь біріншілігінде ойын көрсетті. Онда үш мәрте чемпион атанса, бір мәрте күміс жүлдегер болды. Дегенмен 1984 жылы команда тарап кетті. Ал араға он екі жыл үзіліс салып 1996 жылы қайтадан құрылды. Содан бері өз елінің біріншілігінде үздік клубтар қатарына қосылды. Айта кетерлігі, борисовтік клуб өз елінің біріншілігінде 15 мәрте (1999, 2002, 2006-2018) чемпиондық тұғырға көтерілсе, 4 мәрте күміс, 1 мәрте қола медаль алды. Сондай-ақ, еурокубок ойындарында топтық кезеңге жиі жолдама алып келеді. Атап айтқанда, олар Чемпиондар лигасында бес, Еуропа лигасында 3 мәрте топтық кезеңде бақ сынады.

Бүгінде командаға Алексей Бага бапкерлік жасайды. Ол команда сапында 1998-2006 жылдарда ойын көрсеткен. 2011 жылдан бері бапкерлік қызметке бет бұрған тәжірибелі маман былтырдан бері БАТЭ клубының тізгінін ұстады.

«Астана» мен БАТЭ командалары арасындағы бүгінгі кездесу Нұр-Сұлтан уақытымен 20.00-де басталады. Ойын Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Қарымта ойын 29 тамызда Борисов қаласында өткізіледі.

Соңғы жаңалықтар