Еуропа лигасы: «Астана» елордада Болгарияның «Лудогорец» командасымен кездеседі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін футболдан UEFA Еуропа лигасы үшінші іріктеу сатысында «Астана» елордада «Лудогорец» (Болгария) командасымен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еуропа лигасы: «Астана» елордада Болгарияның «Лудогорец» командасымен кездеседі
Фото: sports.kz

Кездесу 8 тамыз күні елорда уақытымен 20:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

«Лудогорец» командасы 2001 жылы құрылған. Содан бері өз елінің 12 дүркін чемпионы атанды. 2012 жылдан еурокубок ойындарында бақ сынап келеді. Бірнеше мәрте Чемпиондар лигасы мен еуропа лигасы топтық кезеңдерінде ойнады.

Елордалық «Астана» Еуропа лигасы плей-офф сатысына шыққан жағдайда Нидерландтың «Аякс» клубымен кездеседі.

Аталған команда есе жіберген жағдайда «Астана» Конференция лигасы плей-офф сатысында «Валмиера» (Латвия) және «Партизани» (Албания) жұбының жеңімпазымен шеберлік байқасады.

«Астана» бұдан бұрын Чемпиондар лигасында Грузияның «Динамо Тбилиси» клубынан (1:2, 1:1) айласын асырса, одан кейін Хорватияның «Динамо Загреб» командасына (0:4, 0:2) есе жіберді.

Айта кетсек, «Астана» 2015-2016 жылғы кезеңде аталған турнирдің топтық кезеңінде ойын көрсетті.

Ал 2016, 2017, 2018 жылдарда Еуропа лигасы топтық кезеңінде сынға түсті.