Еуропа лигасы: «Астана» сырт алаңда «Лудогорецтен» ойсырай жеңілді

Бүгінді ойынды болгариялық команда белсенді бастады. Ойынның 25-минутында олардың қатарынан Бернард Текпетей есеп ашып кетсе, оған 29-минутта Дембо Дарбо бір голмен жауап қайырды.
Екінші кезеңде «Лудогорец» сапынан Якуб Пётровский 47, 58-минутта екі гол соқса, 50-минутта Бернард Текпетей тағы бір голдың авторы атанды.
Ал Кирилл Десподов 67-минутта болгариялық клубтың басымдығын арттырды.
Осылайша «Астана» қарсыласына 1:5 есебімен жеңілді.
Алғашқы ойында қазақстандық команда қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті.
«Астана» бұдан бұрын Чемпиондар лигасында Грузияның «Динамо Тбилиси» клубынан (1:2, 1:1) айласын асырса, одан кейін Хорватияның «Динамо Загреб» командасына (0:4, 0:2) есе жіберді.
Енді «Астана» Конференция лигасы плей-офф сатысында Албанияның «Партизани» командасымен кездеседі. Аталған команда үшінші іріктеу сатысында Латвияның «Валмиера» клубын (2:1, 1:0) орта жолда қалдырды.
Ал «Лудогорец» Еуропа лигасы плей-офф сатысында Нидерландтың «Аякс» клубымен шеберлік байқасады.
Дәл қазір Конференция лигасы үшінші іріктеу сатысында «Тобыл» Солтүстік Ирландияның «Дерри Сити» командасымен кездесіп жатыр. Әзірге «Дерри Сити» 1:0 есебімен жеңіп жатыр. Алғашқы ойында дәл осындай есеппен «Тобыл» жеңген еді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Конференция лигасы үшінші іріктеу сатысында «Ақтөбе» жарысты аяқтады.
Ал Конференция лигасы екінші іріктеу сатысында «Ордабасы» Польшаның «Легия» командасына жол берді.