Еуропа лигасы: «Қайрат» Андорра клубымен ойнайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматының «Қайрат» футбол командасының Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңіндегі қарсыласы анықталды. Алматылықтар Андорраның «Энгордани» клубымен шеберлік байқасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еуропа лигасы: «Қайрат» Андорра клубымен ойнайды

«Энгордани» командасы 1980 жылы  «Спортинг Эскаль Энгордань» атауымен құрылған. 2001 жылдан бері қазіргі атауымен ойын көрсетеді. Аталмыш клуб 14 282 мың тұрғыны бар Эскальдес-Энгордань қаласының намысын қорғайды. Олар 1300-ге жуық адам сиятын  «Комуналь д'Андорра-ла-Велья» және 900-ге жуық жанкүйер қабылдай алатын «Комуналь д'Айшовалль» стадиондарында қарсыластарын қабылдайды. Кейде өз қарсыластарымен Испанияның Алас-и-Серк қаласындағы 1500 адамдық «Сентре Эспортиу д'Алас» стадионында ойнайды. Команда құрамында жергілікті ойыншылармен бірге Испания, Аргентина, Португалия, Уругвай, Тунис, Гвинея секілді елдерден келген футболшылар да бар.

 «Қайрат» аталған қарсыласымен 12 шілдеде сыртқы алаңда, 19 шілдеде өз алаңында ойнайды. Қос команданың жеңімпазы екінші іріктеу кезеңінде Голландияның «АЗ Алкмаар» клубымен кездеседі. Transfermarkt.de сайтының есебінше «Энгордани» клубы футболшыларының жалпы бағасы 325 мың еуроны шамалайды. Ал «Қайратта» ол 17,4 миллион еуроны құрайды.

«Энгордани» алдын-ала іріктеу кезеңінде Сан-Мариноның «Фольгоре» клубын өз алаңында 2:1 есебімен жеңіп, сырт алаңда 1:1 есебімен етң ойнады. Қос ойынның қорытындысымен жарысты жалғастыратын болды.