Еуропа лигасы: «Қайрат» Голландия командасымен тең ойнап жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазір футболдан Еуропа лигасы екінші іріктеу кезеңінің қарымта ойындары өтіп жатыр. Алматының «Қайрат» командасы сырт алаңда Голландияның «АЗ Алкмаарымен» бірінші кезеңнен кейін 1:1 есебімен тең түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ойынның бастапқы кезеңінде алаң иелерінің басымдығы айқын аңғарылып тұрды. Біздің жігіттер негізінен қорғанысқа көңіл бөліп жатты. Бұл алғашқы 20-минутқа дейін көрініс беріп тұрды. «Қайрат» жігіттері өзінің айып алаңында жүруге мәжбүр болды.
Ойынның 28-минутында алаң иелері қақпасына пенальти белгіленді. Оны «Қайраттың» капитаны Бауыржан Исламхан мүлтіксіз орындады. Ал 42-минутта голландиялық Гус Тиль таразы басын теңестірді. Дәл қазіргі есеппен «Қайрат» жарысты жалғастыруға жақын тұр. Алматылық клуб өз алаңында аталған қарсыласын 2:0 есебімен тізе бүктірген еді.
Бұл жұптың жеңімпазы Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңінде 7 -14 тамыз күндері Чехияның «Сигма» командасымен кездеседі.