Еуропа лигасы: «Қайрат» қарсыласын жеңіп жатыр

НҰР-СҰЛТАН. Алматының «Қайраты» UEFA Еуропа лигасы екінші іріктеу кезеңіндегі қарымта кездесуде Израильдің «Хапоэль» (Безр-Шева) командасын қабылдап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еуропа лигасы: «Қайрат» қарсыласын жеңіп жатыр

Израильде өткен алғашқы кездесуде «Хапоэль» 2:0 есебімен жеңіске жеткен еді. Сондықтан бүгінгі кездесуде алматылық футболшылар кем дегенде үш доп айырмасымен басым түсуі тиіс.

Алғашқы минуттан «Қайрат» құрамында Стас Покатилов, Ғафуржан Сүйімбаев, Раде Дугалич, Елдос Ахметов, Дино Миканович, Исламбек Қуат, Айбол Әбікен, Георгий Жуков, Еркебулан Сейдахмет, Бауыржан Исламхан және Адеринсола Эсеола шықты.

Ал «Хапоэль» сапында жасыл алаң төрінен Эрнестас Шеткус, Шон Гольдберг, Мигел Витор, Лоай Таа, Бен Битто, Эден Шамир, Давид Кельтенс, Маруан Кабха, Рамзи Сафури, Джимми Марин және Найджел Хасселбайнк көрінді.

Бірінші кезеңде алматылық футболшылар алға ұмтылды. Дегенмен израильдік футболшылар лайықты қарсылық танытты. Кездесудің 40-минутында Раде Дугалич «Қайрат» командасын алға шығарды. Біздің команда жарыстың келесі сатысына шығуы үшін қарсыластар қақпасына тағы да екі гол соғып, өз қақпасына гол жібермеуі тиіс. Естеріңізге сала кетелік, екі команданың жеңімпазы Швецияның «Норрчёпинг» және Латвияның «Лиепая» жұбының жеңімпазымен кездеседі.

Дәл қазір елордада «Астана» мен Андорраның «Санта-Коломамен» 1:1 есебімен тең түсіп жатса, Шымкентте «Ордабасы» Чехияның «Млада-Болеслав» командасынан 2:3 есебімен жеңіліп жатыр.