ЕУРОПА ЛИГАСЫ: «Қайрат» ­- «Теута» 5:0

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жаңа ғана Алматының Орталық стадионында Еуропа Лигасының бірінші іріктеу раунды аясында «Қайрат» футбол командасы мен Албанияның «Теута» футбол клубының кездесуі аяқталды. Аса тартысты өткен матчта алматылықтар қарсыластарын 5:0 есебімен тізе бүктірді.
None
None

Командалар жасыл алаңға мынадай құрамда шықты: 

«Қайрат» ФК: Владимир Плотников, Исламбек Қуат, Станислав Лунин, Зарко Маркович, Ян Вороговский, Михаил Бакаев, Анатолий Тимощук, Андрей Аршавин, Бауыржан Исламхан, Исаэль Барбоза, Жерар Гоу, 

Запастағылар:  Андрей Сидельников, Аслан Дарабаев, Леандре Тавамба,  Нұрлан Дайыров, Ермек Қуантаев, Бауыржан Тұрысбек, Герсон Асеведо.

«Теута» ФК: Шептим Моска, Шкалла Сильвестер, Рүстем Хокса, Арбер, Сирбия, Нияз Лена, Еранд Хокса, Влерім Котобелли, Артур Магани, Ардит Хилла, Емилиана Муста, Бледар Ходо.  

Запастағылар: Вледиан Ризвани, Даян Шехи, Акил Якупи, Назми Грипши, Ясмин Рабошта, Фабиан Велиа, Шпат Исмажилити.

Ойын бастала салысымен алаң иелері, жанкүйерлердің қызу қолдауымен ойын тізгінін өз қолдарында ұстап, үздіксіз шабуыл жасауға көшті. «Қайраттықтар» алғашқы минуттарда тез гол салуға ұмтылғандарымен мұнысынан нәтиже шықпады. Дегенмен, ойынның 27-ші минутында кезекті шабуыл сәтті аяқталды. Жерар Гоу есеп ашты. 1:0. Бұдан кейін алматылықтар шабуылды үдетті.  Ойын аяқталуға 2 минут қалғанда қарсыластардың қақпашысына жеке-дарға шыққан Андрей Аршавин допты қақпашының үстінен асырып тепкен еді, бірақ, доп қақпадан асып түсті. Алайда, «Қайраттықтардың» алғашқы таймның соңғы минутындағы шабуылы сәтті аяқталды. Михаил Бакаев екінші доптың авторы атанды.     

Екінші таймда ойын сипаты өзгерген жоқ. Доп көп жағдайда «қайраттықтардың» бақылауында болды. Ал стадионға жиналған мыңдаған жанкүйер жерлестерін жанұшыра қолдап жатты. Ойынның 49-шы минутында оң қапталдан пас алған Анатолий Тимощуктың айып алаңынан тепкен добын Шпетим Моска қағып үлгерді. Ойынның 60-шы минутында оң қапталдан Бауыржан Исламханның айып алаңына берген пасын ұтымды пайдаланған Жерар Гоу допты қақпада тулатты. Есеп 3:0. Көп ұзамай, Жерар Гоудың орнына шыққан Гаэль Тавамба төртінші голдың авторы атанды. Ойынның 79-шы минутында Андрей Аршавиннің орнына алаңға шыққан Бауыржан Тұрысбек Тавамбаның оң қапталдан айып алаңына берген пасын ұтымды пайдаланды. Есеп 5:0. Дегенмен, «Теута» командасының қақпашысын бүгінгі ойынның қаhармандарының бірі деуге болады. Егер, оның шеберлігі болмағанда есеп 10:0-ге жетуі мүмкін еді. Бұл жерде барлық кінә қорғаушылардан деуге болады. Допты тартып алу, оған иелік ету жағы кемішін түсіп жатты. Ал, «қайраттықтардың» қорғаушылары қарсыластардың барлық дерлік шабуылдарына тойтарыс бере білді. Осылайша, екінші тайм алматылықтардың толық басымдығымен өтті.  «Қайрат» командасы 5:0 есебімен жеңіске жетті.     

Соңғы жаңалықтар