Еуропа лигасы: «Қайраттың» израильдік қарсыласының қауқары қандай

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан UEFA Еуропа лигасы екінші іріктеу сатысында Алматының «Қайраты» сырт алаңда Израильдің «Хапоэль» (Безр-Шева) командасымен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, жарыстың алғашқы сатысында «Қайрат» Босния және Герцоговинаның «Широки Бриег» командасын орта жолда қалдырды.

Екі кездесу де 2:1 есебімен жеңіске жетіп, жарыстың келесі сатысына жолдама алды. Ал «Хапоэль» Албанияның «Лачи» клубын қос ойынның нәтижесімен жеңіп (1:0,1:1) кетті.

«Хапоэль» (Безр-Шева) командасының құрылғанына биыл тұп-тура 70 жыл толады. 1949 жылы құрылған клуб алғаш рет өз елінің біріншілігінде чемпиондық атаққа 1974/1975 жылғы футбол маусымында қол жеткізді. Бүгінгі күнге дейін бес мәрте алтыннан алқа тағып үлгерді. Соңғы үш жылда чемпиондық атақты ешкімге ұстатпай келеді. Сондай-ақ, аталмыш команда 1997 жылы футболдан Израиль кубогін төбесіне көтерді.

«Хапоэль» (Безр-Шева) бүгінгі күнге дейін бірнеше мәрте еурокубок ойындарында сынға түсіп келеді. Еуропа лигасында екі мәрте топтық кезеңге шықты. Алдымен 2016/2017 жылғы кезеңде Италияның «Интер», Англияның «Саутгемптон» және Чехияның «Спарта» командаларымен бақ сынап, өз тобында екінші орынға ие болды. Жарыстың 1/16 финалдық сатысында Түркияның «Галатасарай» клубына (1:2, 1:3) жол берді. Еуропа лигасы топтық кезеңіне олар 2017/2018 жылғы кезеңде де шықты. Бұл жолы Швейцарияның «Лугано», Румынияның «Стяуа» және Чехияның «Виктория Пльзень» клубтарымен шеберлік байқасқан олар төртінші орын алды. Былтыр алдымен Чемпиондар лигасының алғашқы екі іріктеу кезеңінде ойнады. Дегенмен екінші кезеңде қарсыласына жол беріп, Еуропа лигасы үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алған еді. Дегенмен бұл жолы да қарсыласына есе жіберіп, топтық кезеңге шығудан тыс қалып қойды.

Безр-Шева қаласында 200 мыңға тарта адам тұрады. Команда өз ойындарын «Тото Тернер» стадионында өткізеді. Ол сол елдің мемлекеттік және әскери қайраткері Яаков Тернердің құрметіне берілген. Стадион 2015 жылы пайдалануға берілген. Онда 16 мыңнан астам жанкүйер ойынды тамашалай алады.

«Хапоэль» (Безр-Шева) және «Қайрат» командалары арасындағы кездесу Нұр-Сұлтан уақытымен 23.20-да басталады. Кездесу Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Қарымта ойын 1 тамызда Алматы қаласында өткізеді. Бұл жұптың жеңімпазы Еуропа лигасы үшінші іріктеу сатысында Швецияның «Норрчёпинг» және Латвияның «Лиепая» командаларының жеңімпазымен ойнайды.


Соңғы жаңалықтар