Еуропа лигасы: «Қайсар» қарсыласынан жеңіліп жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Дәл қазір қазақстандық «Қайсар» UEFA Еуропа лигасы екінші іріктеу сатысында Кипрдің АПОЭЛ клубымен кездесіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еуропа лигасы: «Қайсар» қарсыласынан жеңіліп жатыр

Ойын Шымкент қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өткізілуде. Жеңімпаз бір ғана ойыннан анықталады.

Бірінші кезеңнен кейін «Қайсар» қарсыласынан 1:2 есебімен жеңілуде.

Алдымен 6-минутта «Қайсар» сапынан Элгуджа Лобжанидзе есеп ашқан болатын. Оған 15-минутта АПОЭЛ футболшысы Де Винсенти Томас бір голмен жауап қайырды. Ал 25-минутта кипрлік команда құрамынан Тухами Ануар өз командасын алға шығарды.

Кипрлік команда жылма-жыл еурокубок ойындарында ойын көрсетіп келеді. Клуб 1926 жылы ел астанасы – Никосия қаласында құрылған. Содан бері 28 мәрте чемпиондық атаққа қол жеткізді.

Сондай-ақ, бүгін елордалық «Астана» Алматы қаласында Черногорияның «Будучность» командасын қабылдаса, «Қайрат» Израильде жергілікті «Маккаби» (Хайфа) клубымен шеберлік байқасады.