Еуропа лигасы: «Манчестер Юнайтед» австриялық клубты ойсырата жеңді

Аталмыш кездесуде ағылшындық клуб қарсыластар қақпасына жауапсыз бес доп соқты. Оны Одион Игало - 28, Даниэль Джеймс - 58, Хуан Мата - 82, Мэйсон Гринвуд - 91, Андреас Перейра 93-минуттарда соқты. Осылайша «Манчестер Юнайтед» қарсыласын 5:0 есебімен тізе бүктірді.
Естеріңізге сала кетелік, «Манчестер Юнайтед» L тобында қазақстандық «Астана», Голландияның «АЗ Алкмаар» және Сербияның «Партизан» командаларымен сынға түсті.
Дәл қазірге дейін тағы бір ойын аяқталды. Германияның «Айнтрахт» клубы өз алаңында Швейцарияның «Базель» командасынан 0:3 есебімен жеңіліп қалды.
Ал «Севилья» (Испания) - «Рома» (Италия), «Интер» (Италия) - «Хетафе» (Испания) командалары арасындағы кездесу коронавирус дертіне байланысты кейінге шегерілді. Осыған байланысты «Вольфсбург» (Германия) - «Шахтер» (Украина), «Олимпиакос» (Грекия) - «Вулверхэмптон» (Англия) командалары арасындағы ойын жанкүйерсіз өтіп жатыр. Сондай-ақ, бүгін «Глазго Рейнджерс» (Шотландия) - «Байер» (Германия), «Истанбул Башакшекир» (Түркия) - «Копенгаген» (Дания) командалары өзара кездеседі.