Еуропада авиакеросин тапшылығы қаупі күшейді

АСТАНА. KAZINFORM – Ормуз бұғазындағы жағдайға байланысты Еуропада авиациялық отын тапшылығы қаупі артып, жазғы туристік маусымға қауіп төнді, деп хабарлайды Еuronews.

Что происходит с запасами авиакеросина в Казахстане: ответ Минэнерго
Фото: aviacenter

ACI Europe дерегінше, бірқатар еуропалық елдердегі авиакеросин қоры небәрі 8-10 күнге ғана жетуі мүмкін. Осыдан кейін отынды нормалау шараларын енгізуге тура келеді.

Сарапшылар Ормуз бұғазы толық ашылмаса, Еуропа әуежайлары «жүйелік тапшылыққа» тап болатынын ескертеді. Бұл әсіресе жазғы туристік маусым қарсаңында әуе компанияларының жұмысын қиындатады.

ACI Europe бас директоры Оливье Янковец Еурокомиссияға жолдаған хатында жағдай бұрын болжанғаннан әлдеқайда күрделі екенін атап өтті.

Мәліметтерге сәйкес, әлемдік авиациялық отын жеткізілімінің шамамен 40 пайызы Ормуз бұғазы арқылы өтеді. Қазіргі таңда Парсы шығанағында шамамен 170 млн баррель мұнай өнімдері бөгеліп тұр.

Нарықтағы жағдайға қарамастан, АҚШ пен Иран арасындағы уақытша бітім әзірге бағаның төмендеуіне әсер етпеген. Авиациялық отын бағасы тоннасына шамамен 1573 доллар деңгейінде қалып отыр, бұл қақтығысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда екі еседен жоғары.

Бірқатар елдерде, соның ішінде Италияда кей әуежайлар жеткізілімнің үзілуіне байланысты отынды нормалау шараларын енгізе бастаған.

Әуежайлар қауымдастығы Еуропалық комиссиядан шұғыл шаралар қабылдауды сұрады. Атап айтқанда, авиациялық отынды ЕО деңгейінде бірлесіп сатып алу, сондай-ақ мұнай өңдеу зауыттарына авиациялық отын өндірісіне басымдық беру міндетін енгізу ұсынылды.

Сарапшылардың пікірінше, авиакеросин тапшылығы көлік байланысының әлсіреуіне әкеліп, бұл өз кезегінде Еуропа экономикасына, әсіресе туризм саласына елеулі соққы болуы мүмкін. Сонымен қатар, әуе компаниялары шығындарды азайту үшін кейбір бағыттарды қысқартып, билет бағасын өсіре бастаған.

Айта кетейік, Сенат энергияны Еуропаға экспорттауға арналған құжатты мақұлдады.

Соңғы жаңалықтар