Еуропада биылғы қыс қандай болады - синоптиктер болжамы

АСТАНА. KAZINFORM – Арктикадағы полярлық құйынның әдеттегіден ерте әлсіреуі және Тынық мұхитындағы Эль-Ниньо құбылысының күшеюі Еуропадағы қыстың райын болжауды қиындатып отыр, деп хабарлайды Euronews.

зима снег
Фото: Руслан Мухамедьяров \ Kazinform

Арктикада сирек кездесетін атмосфералық құбылыс қалыптасып жатыр. Полярлық құйын қараша айының басында-ақ айтарлықтай әлсіреуі мүмкін. Егер болжам расталса, бұл 1958 жылы бақылау басталғалы осы кезеңде тіркелген ең күшті әлсіреу болмақ.

Полярлық құйын – Жер бетінен шамамен 15-50 шақырым биіктікте орналасқан ауқымды желдер жүйесі. Қалыпты жағдайда батыстан соғатын күшті желдер Арктиканың аса суық ауа массаларын солтүстік аймақта ұстап тұрады.

Алайда еуропалық және америкалық метеорологиялық модельдер бұл жүйенің айтарлықтай әлсіреуі мүмкін екенін көрсетіп отыр. Шамамен 30 шақырым биіктікте температура орташа көрсеткіштен 27 градустан астам жоғарылауы ықтимал. Ең шеткі жағдайда батыс желдері бағытын кері өзгертуі мүмкін.

Полярлық құйын екі бөлікке бөлінген жағдайда суық ауа массаларының қозғалысы өзгереді. Мұндай құбылыс орта есеппен он жылда алты рет байқалады және көбіне қаңтар немесе ақпан айларында болады.

Дегенмен бұл Еуропада бірден қатты аяз басталады дегенді білдірмейді.

– Полярлық құйынның әлсіреуі Германия мен Еуропаның басқа елдерінде бірден суық толқын басталатынын білдірмейді. Оның жер бетіне жақын атмосферадағы ықпалы әдетте екі-алты аптадан кейін байқалуы мүмкін. Сонымен қатар ерте әлсіреген полярлық құйын қайтадан тұрақтануы да ықтимал, – делінген Euronews материалында.

Тынық мұхитында да ерекше жағдай қалыптасып отыр. Қазан айында Эль-Ниньо құбылысын бағалауда қолданылатын негізгі аймақта су температурасы орташа деңгейден 3,3 градус жоғары болған.

Метеорологиялық модельдерге сәйкес, желтоқсанға қарай бұл ауытқу 3,8 градусқа жетуі мүмкін. Мұндай жағдайда Эль-Ниньо 2015-2016 жылдары тіркелген бұрынғы рекордтан асып түсуі ықтимал.

Алайда Эль-Ниньоның күшеюі мен полярлық құйынның әлсіреуі қатар жүргенде Еуропаның ауа райына қандай әсер ететінін нақты болжау қиын.

Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда ұзақ мерзімді метеорологиялық модельдердің мүмкіндігі шектеулі. Стратосфераның кенет жылынуын көбіне оқиғадан шамамен он күн бұрын ғана сенімді анықтауға болады. Ал екі құбылыстың дәл осындай үйлесіміне қатысты тарихи деректер жоқ.

Қазіргі болжамдар Еуропада қыстың ерте басталатынын көрсетпейді. Еуропалық және америкалық модельдер қараша айында ауа температурасы қалыпты деңгейден жоғары болатынын болжайды. Кейбір өңірлерде температура көпжылдық орташа көрсеткіштен 2-3 градусқа жоғарылауы мүмкін.

Алдағы апталарда полярлық құйынның қайта тұрақтанатыны немесе әлсірей беретіні белгілі болмақ. Эль-Ниньо құбылысы желтоқсанда шарықтау шегіне жетуі ықтимал.

Әзірге Еуропада қыстың салыстырмалы түрде жылы өтуі ең ықтимал сценарий саналады. Дегенмен ұзаққа созылатын аяз бен қалың қар жаууы да жоққа шығарылмайды.

Синоптиктердің пікірінше, қыстың нақты сипаты алдағы апталарда айқынырақ болады. Сондықтан Рождество мерекесінде қар жауа ма, жоқ па деген сұраққа әзірге сенімді жауап беру мүмкін емес.

Айта кетейік, бұған дейін Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым Эль-Ниньо құбылысы 2027 жылға дейін жалғасуы мүмкін екенін мәлімдеген болатын. Болжам бойынша, ол желтоқсан айында шарықтау шегіне жетіп, әлемнің бірқатар өңірінде температура мен жауын-шашын мөлшеріне әсер етуі ықтимал.