Еуропада жылына 1,4 миллион адам экологиялық факторлардан көз жұмады – ДДҰ
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ДДҰ Еуропа аймағындағы барлық өлім-жітімнің 15 пайызы экологиялық факторларға байланысты екендігін айтты. Бұл туралы БҰҰ жаңалықтар орталығы сайты хабарлады.
Жыл сайын миллиондаған адам ауаның ластануынан туындаған аурулардан көз жұмады. Әсіресе керосин және көмір арқылы үй жылытып, тамақ пісіруге мәжбүр кедейлер. Бұл инсульт, жүректің ишемиялық ауруы, балалардағы пневмония және өкпенің қатерлі ісігіне әкеледі.
Сондай-ақ көп адамдар ластанған су арқылы берілетін инфекцияларды жұқтырады.
ДДСҰ жыл сайын экологияға байланысты қауіп факторларының салдарынан 1,4 миллион адам қайтыс болады деп атап өтті. Осы өлім-жітімнің себептері мен қауіп факторларын талдағаннан кейін сарапшылар олар экологияға, денсаулыққа, тұрғын үй жағдайларына, сондай-ақ ауыз суға және санитария қызметтеріне қол жеткізуге байланысты елдер ішіндегі ауқымды теңсіздікті көрсетеді деген қорытындыға келді.
«Келтірілген деректер ДДҰ-ның Еуропа аймағындағы барлық елдерде ауқатты адамдарға қарағанда әлеуметтік аз қамтылған халықтар экологиялық қауіптерге көбірек ұшырайтынын көрсетеді. Бұл қорытынды денсаулық сақтау саласының барлық мамандарын қатты алаңдатады», - деді ДДҰ Еуропа қоршаған орта және денсаулық орталығының басшысы Франческа Рациоппи.
Оның ойынша мұндай теңсіздіктерді жою және азайту үшін экологиялық қауіп-қатерге көбірек ұшырайтын елдер мен халықтың қажеттіліктеріне бейімделген стратегиялар қажет.