Еуропадағы 18 мыңнан астам қонақүй Booking платформасын сотқа берді
АСТАНА. KAZINFORM — Еуропадағы 18 мыңнан астам қонақүй Booking брондау платформасына қарсы ұжымдық талап-арызға қосылды. Қонақүй иелері бәсекені шектегені үшін бірнеше миллиард еуро көлемінде өтемақы талап етіп отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігі BILD басылымына сілтеме жасап.
Амстердам қалалық сотына Booking онлайн брондау платформасына қарсы ұжымдық талап-арыздың соңғы бөлігі тапсырылды. Сот ісіне барлығы 18 135 еуропалық қонақүй қосылып, бірнеше миллиард еуро көлемінде өтемақы талап етіп отыр.
Сот дауына қонақүйлердің өз сайттарында Booking платформасындағыдан төмен баға белгілеуіне тыйым салған шарттар себеп болған. Мұндай шектеулер бірнеше ондаған жыл бойы қолданылған.
2024 жылы Еуропалық одақ соты мұндай талаптардың ЕО-ның бәсекелестік туралы заңнамасына қайшы келетінін мойындады. Қонақүй иелерінің айтуынша, осы шектеулер салдарынан олар айтарлықтай қаржылық шығынға ұшыраған.
Алайда сот процесі әзірше платформаның клиенттеріне әсер етпейді.
Адвокат Николь Мутшкенің BILD басылымына түсіндіруінше, Booking қонақүй мен клиент арасындағы делдал ғана, ал келісімшарт тікелей екі тараптың арасында жасалады.
Заңгердің айтуынша, қонақүй Booking-пен серіктестігін тоқтатқан күннің өзінде бұрын расталған броньдарды орындауға міндетті.
Еске салайық, 2025 жылғы тамызда Еуропаның 10 мыңнан астам қонақүйі де Booking.com платформасына қарсы ұжымдық талап-арызға бірігіп, өздеріне қаржылай шығын келгенін мәлімдеген еді.
Талап-арызға 2024 жылы Еуропалық одақ сотының Booking.com платформасындағы «ең төмен баға» туралы шарттар монополияға қарсы заңнаманы бұзады деген шешімі негіз болған. Қазір тыйым салынған бұл талаптар қонақүйлердің баға белгілеу еркіндігін шектеп, бәсекелестікті әлсіреткен. Соның салдарынан қонақүйлер өз сайттарында немесе басқа брондау платформаларында төмен баға ұсына алмаған.
Талап-арызда 2004-2024 жылдар аралығында қонақүйлер осы шектеулерден айтарлықтай қаржылай шығынға батқаны көрсетілген.