Еуропадағы әуе кептелісі авиация саласына 2,3 млрд доллардан астам шығын әкелді
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылы әуе кеңістігінің шамадан тыс жүктелуіне байланысты рейстердің кешігуі Еуропаның авиация саласына 2,3 млрд доллардан астам шығын әкелген. Бұл туралы БҰҰ жаңалықтар қызметі хабарлады.
Қаржылық шығын мен ұшақтардың қону кезегінде күту уақытын азайту үшін Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) ұшуларды үйлестірудің жаһандық жүйесін енгізуді ұсынып отыр.
Еуропалық әуе қозғалысын басқару ұйымы EUROCONTROL мәліметінше, шығынның басым бөлігі әуе қозғалысын ұйымдастыруға байланысты рейстердің кешігуінен туындаған.
Кең таралған мәселелердің бірі – әуе кеңістігіндегі кептеліс. Ұшақтар қонуға рұқсат күтіп, әуежайлардың үстінде айналып ұшуға мәжбүр болады. Сонымен қатар қолайсыз ауа райы, төтенше жағдайлар мен жекелеген бағыттардың жабылуы рейстер кестесінің бұзылуына әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайлар мәселе туындаған жерден мыңдаған шақырым қашықтықтағы әуе қатынасына да әсер етеді.
Бұл мәселені шешу үшін ИКАО әуе қозғалысы ағындарын басқару жүйесін кеңінен қолдануды ұсынып отыр. Ол әуежайлар, әуе компаниялары, диспетчерлік және метеорологиялық қызметтер арасында нақты уақыт режимінде ақпарат алмасуды көздейді.
Атап айтқанда, әуежай қосымша рейстерді қабылдай алмайтынын алдын ала білсе, басқа әуежайлардан ұшатын ұшақтардың сапарын уақытша кейінге шегеруге болады. Бұл әуе кемелерінің қону кезегінде ауада күту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласардың айтуынша, елдер арасындағы үйлестірудің жеткіліксіздігі рейстердің кешігуіне себеп болып, әуе қатынасын қалыпты жағдайға келтіруді қиындатады.
Жаңа тәсілдің тиімділігі тәжірибе жүзінде дәлелденген. 2026 жылы Солтүстік және Оңтүстік Америкада жүргізілген бірлескен сынақтар нәтижесінде ұшу уақыты 265 мың минуттан астамға, яғни шамамен 4,4 мың сағатқа қысқарған. Сонымен қатар 38,9 млн доллардан астам қаражат үнемделген.
Бұдан бөлек, жанармай шығыны шамамен 13,3 мың тоннаға азайып, атмосфераға 42,1 мың тонна көмірқышқыл газының таралуына жол берілмеген.
Еуропада ауа райы мен әуе кеңістігінің жүктемесін алдын ала болжау арқылы 2026 жылғы мамырдан тамызға дейін жалпы ұзақтығы шамамен 3,1 млн минут болатын рейс кешігулерінің алдын алуға мүмкіндік туған. Экономикалық тиімділік 448 млн доллар деп бағаланып отыр.
Сонымен бірге ИКАО өкілдері негізгі кедергілердің бірі ұлттық әуе қозғалысын басқару жүйелері арасында ақпарат алмасудың жеткіліксіздігі екенін атап өтті.
Әуе қозғалысы ағындарын басқарудың жаңа халықаралық ережелері 2030 жылғы қарашада күшіне енеді деп күтілуде. Оларды енгізу мәселелері бойынша өңірлік семинарлар 2027 жылға жоспарланған.
ИКАО болжамынша, 2050 жылға қарай әлемдегі әуе жолаушыларының саны 12,4 млрд адамға жетуі мүмкін. Бұл халықаралық әуе рейстерін үйлестірудің тиімділігін арттыруды талап етеді.
Бұған дейін Ұлыбританияда әуе қозғалысын басқару жүйесіндегі бірнеше сағатқа созылған ақауға байланысты шамамен екі мың рейс тоқтатылғаны хабарланған болатын. Техникалық ақау салдарынан жүздеген мың жолаушы зардап шегіп, жаппай кешігулер тіркелді. Алдын ала есеп бойынша, бұл жағдай әуе компанияларына миллиондаған фунт стерлинг шығын әкелген.