Еуропадағы қымбатшылық астарында не жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Ресейден Еуропаға энергия тасымалдаушы жеткізілімі доғарылған 2022 жылдың ақпанынан бері Еуропалық одақ елдері бірқатар азық-түлік бағасының айтарлықтай өсімін сезіне бастады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.  Инфляцияны тұрақтандыру әрекетіне қарамастан Еуропалық одақтың кейбір елінде баға өсімі тежелер емес.

Еуропадағы қымбатшылық астарында не жатыр
Фото: Kazinform, Freepik

Бельгиядағы инфляция

Соңғы жылдары Бельгиядағы инфляцияның айтарлықтай жоғарылауы байқалып, 9,6 пайызға жетті. Мұны жаһандық экономикалық күйзеліспен және энергия тасымалдаушы құнының күрт артуымен байланыстырады. 2021 жылғы 2,44 пайыздық инфляциямен салыстырғанда мұның қалтаға салмақ саларлықтай өсім екендігі анық. 2023 жылы елдегі инфляция 4,05 пайызға дейін сәл бәсеңдеген еді.

2024 жылдың желтоқсанындағы жағдайға сәйкес, Бельгиядағы жылдық инфляция деңгейін 3,16 пайызды құрап, мұның алдындағы ең айдағы 3,20 пайыздан аздап төмендеді. Бұл төмендеу негізінен тұрғын үй мен коммуналдық қызметтер, киім мен аяқ киім, сонымен қатар үйге қажетті өзге де тауарлар бағасы өсімінің баяулауымен байланысты. Дегенмен, азық-түлік өнімдері мен алкогольсыз сусындар, көлік бағасы, демалыс пен мәдени іс-шараларға шығындар бағасының қымбаттауы жеделдей түсті.

Еуропадағы қымбатшылық астарында не жатыр
Фото: Pixabay

Тамақ қымбаттап барады

2025 жылдың ақпанында түрлі тауарлардан тұратын тұтынушы себеті негізінде есептелген инфляция деңгейі супермаркеттерде 3,39 пайызды құрады. Инфляция қайтадан өсіп, 2022 жылдың қаңтарымен (инфляция 2 пайыздан жоғары болған бірінші ай) салыстырғанда жоғары болып қалды.

2022 жылдың қаңтарымен салыстырғанда тұтынушы себетінің құны орташа есеппен 28 пайызға қымбаттады. Мәселен, азық-түлік және сүт өнімдерінің бағасы бұрынғымен салыстырғанда 31 пайызға қымбат болып тұр. Азық-түлік бағасына ықпал ететін фактор — шикізаттың тауарлар мен энергия тасымалдаушы бағасы.

Кейбір азық-түлік бағасы әлі де болса айтарлықтай қымбаттап барады. Айталық, фритюр айы 2022 жылдың наурызымен салыстырғанда әлі де болса орташа есеппен 29 пайызға қымбат. Өсімдік майына келер болсақ, 2022 жылдың наурызынан дері оның халықаралық нарықтағы бағасы 39 пайызға құлдырады. Сүт өнімдерінің орташа бағасы да 2022 жылдың маусымынан 10 пайызға төмендеді. Өткен жылдан бері халықаралық нарықтағы баға қайтадан көтеріле бастады. Дегенмен, 2025 жылдың ақпанында 2022 жылдың маусымымен салыстырғанда жаңа әзірленген ірімшік (Гауда) 91 пайызға, ал жартылай майсыздандырылған сүті өнімдері 86 пайызға қымбат. Жаңа әзірленген ірімшік бағасының орташа өсімі 27, ал майсыздандырылған сүт бағасының өсімі 12 пайызды құрады.

2022 жылдың қазан айынан бастап халықаралық нарықтағы астық бағасы орта есеппен 27 пайызға төмендеді. Алайда, ұн өнімдерінің жартысынан астамы және макарон өнімдерінің 40 пайызы 2022 жылдың қазанына қарағанда қымбаттады. 2022 жылдың қазан айынан бастап ұн мен макарон бағасы орта есеппен 3 пайызға өсті. 2025 жылдың ақпанында инфляцияға ең көп үлес қосқан тауарлардың қатарына алкогольсіз сусындар (+8%), азық-түлік (+6%), жеміс-жидектер (+4%) және мұздатылған өнімдер (+4%) жатады. Бельгияда бір бөлке нанның орташа бағасы шамамен 2,70 еуроны құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,30 еуроға (13%) қымбат деген сөз. 2025 жылдың 16 наурызында Брюссельдегі супермаркеттердің бірінде жаңа піскен ақ нанның бағасы (салмағы 800 грамм) 2,69 еуро (шамамен 1300-1400 теңге) болды.

Еуропадағы қымбатшылық астарында не жатыр
Фото: Әлеуметтік желіден алынған скрин

Бельгияда жұмыртқа бағасы да үздіксіз қымбаттап, 2025 жылдың наурызында рекордтық деңгейге жетті. 2024 жылдың қарашасында Брюссельде 12 дана ірі жұмыртқа 3,94 еуро болған еді. Ал сол жылдың желтоқсанында орташа мөлшердегі 10 дана жұмыртқа бағасы 3,90 еуроға жетті. Бұл әлемдік деңгейден (2,97 доллар) біршама жоғары.

Негізгі себептері:

— Пасха қарсаңында жұмыртқаға сұраныстың артуы;

— АҚШ пен Шығыс Еуропада құс тұмауының таралуына байланысты ұсыныс тапшылығы;

— 2025 жылдың басында Бельгияда фермадағы, сонымен қатар жабайы құстарға да зиянын тигізген құс тұмауының 14 оқиғасының тіркелуі.

Мұның үстіне бағаның өсуіне экология мен жануарларды қорғауға бағытталған қатаң ережелер де әсер етіп отыр. Бұл жайт Бельгия мен Нидерландыдағы құс фермалары санының азаюына әкелді. Осы факторларға байланысты жұмыртқаның жоғары бағасы алдағы уақытта да сақталады.

Еуропадағы қымбатшылық астарында не жатыр
Фото: Әлеуметтік желіден алынған скрин

Көршілес Францияда нанның бағасы оның түріне және аймағына байланысты өзгеріп тұрады. Мәселен, 2025 жылғы ақпанда багета нанының орташа бағасы (250 г) 1,01 еуро (шамамен 550 теңге) болды.

Францияның артықшылығы — оның қомақты ауыл шаруашылығы базасы, азық-түліктің көптеген түрінің меншікті өндірісі. 2025 жылдың ақпанындағы жағдай бойынша Париждегі ірі жұмыртқа ондығының орташа бағасы 6 еуроны (шамамен 3400-3500 теңге) құрады. Бұл елдегі кәдімгі 12 жұмыртқа үшін шамамен 3,75 еуро болатын орташа бағадан айтарлықтай жоғары. Париждегі бағаның аса жоғары болуы сұранысқа, операциялық шығындардың жоғарылауына және қалалық ортаға байланысты үстеме бағаға байланысты болуы мүмкін. Ірі қалалардағы осындай ауытқуларға қарамастан, жалпы Франциядағы жұмыртқа бағасы соңғы алты айда салыстырмалы түрде тұрақты. Мысалы, Швейцарияда оншақты жұмыртқаның орташа бағасы шамамен 6,80, ал Ұлыбританияда шамамен 3,83 долларды құрайды.

Коммуналдық қызметтер

Бельгиядағы тұтынушылардың көпшілігінің назар аударар басты тақырыбы — газ бен энергия тасымалдаушының жоғары бағасына байланысты өсіп келе жатқан коммуналдық қызметтердің құны. Билік тұрғын үйді жылытудың балама көздерін (күн батареялары және т. б.) дамыту бойынша шаралар қабылдап жатқанымен жылыту маусымындағы шығындар үй шаруашылығында бірнеше мың еуроға дейін жетуі ықтимал. Осыған байланысты билік тұрғындарға жылу жүйелерінің температурасын қыс уақытында 18-19 градусқа дейін төмендетуді ұсынып отыр.

2025 жылғы 17 ақпандағы жағдай бойынша Бельгияда мазуттың құны литріне 1,03 еуро (шамамен 550 теңге) болды. Бұл осы жылдың қаңтарымен салыстырғанда 3,7 пайызға төмен. Брюссельде жылына 12 мың кВт/сағ газ тұтынатын үй шаруашылықтары 2025 жылы есепшоттың 23 еуроға өсуіне тап болады. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 12,7 пайыз қымбатшылықты білдіреді. Сонымен қатар, газ бен электр энергиясын бөлу және тасымалдау тарифтерінің жиынтық өсімі шығындардың жылына 67 еуроға қосымша өсуіне алып келеді.

Бұған қоса, еуропалық трейдерлер 2025-2026 жылдардағы қыспен салыстырғанда 2025 жылдың жазында газ бағасының өсуін болжап отыр. Бұл газ қоймаларын толтырудың жоғары шығындарына байланысты. Өйткені Еуропа ресейлік газға тәуелділікті қысқартуын жалғастырып келеді.

Еуропадағы қымбатшылық астарында не жатыр
Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

Қорытынды: 2025 жылы бельгиялықтар жылу шығындарының айтарлықтай өсіміне тап келуі мүмкін. Бұл ішкі және жалпыеуропалық нарықтық факторларға байланысты.

2025 жылы Франциядағы коммуналдық қызметтердің құны әртүрлі факторға, оның ішінде тұрғын үй түріне, орналасқан жеріне және ресурстарды тұтыну деңгейіне байланысты болмақ. Шаршы ауданы 85 метр болатын пәтер үшін электр, жылу, су және қоқыс шығару айына шамамен 230,41 еуроны (130 мың теңгеден астам) құрайды. 60 Мбит/с және одан жоғары жылдамдықтағы шексіз тариф — айына шамамен 31,62 еуро.

Бензин бағасы

Тауарлар мен қызметтердің баға кесіміне ықпал ететін негізгі факторлардың бірі бензин құны болып қала бермек. 2025 жылыдң 16 наурызында Бельгиядағы отынның шекті бағасы мынадай:

Бензин-95 (E10): 1 литрі 1,6180 еуро;

Бензин-98 (E5): 1,6770 еуро;

Бензин-98 (E10): 1,6830 еуро.

Бұл баға алдыңғы аптамен салыстырғанда тұрақты болып тұр, бірақ соңғы айда 5-7 пайызға төмендеді. 2025 жылдың қаңтарында бензин бағасының өсуі байқалды. Ауытқу әлемдік мұнай бағасына, жанармай салығы мен энергетикалық саясатқа байланысты. Мысалы, 2022 жылы елдегі электр энергиясы мен газ бағасының 60 пайызға өсуіне инфляция ықпал етті.

Сонымен қатар, салық жанармай құнының едәуір бөлігін құрайды. 2022 жылы ол соңғы бағаның 50 пайыздан астамын құрады. Дегенмен, қазіргі уақытта Бельгиядағы бензиннің бағасы көршілес Франция, Германия және Нидерландыға қарағанда салыстырмалы түрде төмен. Әдеттегідей жанар-жағармайдың төмен бағасы Люксембургте сақталып тұр. Бұл жаққа басқа елдердің шекаралас аймақтарының тұрғындары «жанармай құю» үшін жиі келеді.

2025 жылдың басынан бастап Францияда жанармай бағасы біршама өсті. Мәселен, 2025 жылдың 15 қаңтарында бір литр дизельдің бағасы шамамен 1,71 еуроны құрап, бір айда 3 центтен астамға қымбаттады. Сол сияқты, SP95-E10 құны литріне шамамен 1,77 еуро болды. Бұл сол кезеңдегі өсімді білдіреді. Аталған қымбатшылық ішінара бір баррель мұнай бағасының 2024 жылғы 26 желтоқсандағы 73 доллардан 2025 жылғы 15 қаңтардағы 79,3 долларға дейін өсуімен байланысты.

Еуропадағы қымбатшылық астарында не жатыр
Фото: Pixabay.com

2025 жылдың ақпанындағы жағдай бойынша Еуропалық одақ елдерінде бензин бағасында айтарлықтай айырмашылық бар. Ең жоғары баға мына елдерде тіркелген:

— Дания — 1 литрі 2,02 еуро;

— Нидерланд — 1,95 еуро;

— Грекия — 1,82 еуро;

— Италия — 1,82 еуро;

— Ирландия — 1,81 еуро;

— Германия — 1,80 еуро.

Жалпыеуропалық жоғары баға негізінен салық салық деңгейінің жоғарылауымен және көміртегі шығарындыларын азайтуға бағытталған экологиялық саясатпен байланысты. Айталық, Дания ЕО-дағы бензин бағасы бойынша бірінші орында тұр. Салыстырмалы түрде ЕО-дағы ең төменгі бензин бағасы Болгарияда (литрі 1,28 еуро) және Польшада (1,49) тіркелген. Бұл айырмашылық ұлттық салық саясаты мен энергетикалық стратегиялардың Еуропалық одақтың әртүрлі елдеріндегі отын құнына әсер ететіндігін көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар