Еуропадағы тағы бір тонау: Бельгияда Наполеонның жүзігі ұрланды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Бельгияның Женаппе қаласындағы Наполеонның соңғы резиденциясында ұрлық болды. Коллекциядағы бірнеше зат, соның ішінде француз императорына тиесілі гауһар тасты алтын сақина қолды болған, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Еуропадағы тағы бір тонау: Бельгияда Наполеонның жүзігі ұрланды
Фото: БЕЛТА

Валлондық Брабант аймағының прокуратурасы тонаушыларды табу үшін тергеу жұмыстарын бастады.

Ватерлоо шайқасы алдында Наполеон өзінің штаб-пәтерін орнатқан Ферм дю Кайю ғимаратына екі ұры кіріп кетті. Олар терезені сындырып, ондағы бұйымдарды ұрлау үшін бірнеше витринаны сындырды.

Императордың соңғы резиденциясы Валлон Брабант провинциясында орналасқан. Ол дабыл жүйесімен және ұрлыққа қарсы әртүрлі құрылғымен қорғалған. Оқиға кезінде дабыл іске қосылған, алайда оның пайдасы тимеді.

Ұрланған заттардың ішінде Наполеонға тиесілі бес гауһар тасы бар (18 карат) алтын сақина болған. Бұл сақина 1815 жылы 18 маусымда Ватерлоо шайқасынан кейін императордың қашқан кезінде табылған.

— Бұл әрекет бізді қатты қынжылтады, бірақ бұл бірегей мұраны қорғауға және жұртшылықпен бөлісуге деген шешімімізді нығайтады. Мұражай өз миссиясына адал болып қала береді, — деп түсіндірді провинциялық колледждің президенті Танги Штукенс.

Оқиға орнына дереу күзет компаниясы келді.

— Әрине, уақыттың шектеулілігін ескерсек, ұрылар қылмыс үстінде ұсталуы сирек. Бұл деңгейде процедура дұрыс жұмыс істеді деп ойлаймын. Наполеонның соңғы штабында жеткілікті сенімді жүйе болған. Біз не болғанын талдап, нені күшейту қажет екенін тексеретін боламыз. Өкініштісі кәсіпқой адамдарды тоқтату қиынға соғатыны анық, — деп атап өтті Танги Штукенс.

Ғимараттан алтын мен күміс теңгелер де ұрланған.

Валлон Брабант провинциясының мәліметінше, бұл заттардың тарихи құндылығы олардың нарықтық құнынан айтарлықтай асып түседі және еуропалық тарихпен байланысты бірегей мұра.

Жергілікті билік мұражайға ерекше сипат берді. Осы тұрғыдан алғанда, бұл ұрлық үлкен шығын болды.

— Келушілерге 1815 жылғы оқиғаны түсіндіру үшін сол тарихтың бөлігі болған бұйымдар қажет. Сондықтан мұндай жәдігерлердің жоғалып кеткені өте өкінішті, — деп қосты Танги Штукенс. 

Мұражай қауіпсіздік мақсатында және қалпына келтіру жұмыстарына байланысты екі күнге жабылды. Алайда 19 желтоқсаннан бастап қайта ашылды. Сондай-ақ жаңа жылдық мереке кезінде жұмыс істейді.

Айта кетейік, бұған дейін Париждегі Луврге ұры түсіп, Наполеонның әшекейлері қолды болған еді. 

Соңғы жаңалықтар