Еуропадағы медиация, арбитраж, өзара келісімге келу, аралық соттар сияқты мәселелер бізде де енгізілуі қажет - А.Қасымов

 Желтоқсанның 20-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстан әлемдегі ең ықпалды халықаралық ұйымдардың бірі - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығын бастады.
None
None

 Афиныда  өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық  ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 17-ші мәжілісінде грек  тарапы өз өкілеттігін Қазақстанға табыс етті. ЕҚЫҰ-ы демократиялық құндылықтар мен адам құқықтары сияқты мәселелерді қалыптастыруды басты мақсат етіп отырған ұйымдардың бірі екендігін еске алсақ,  Қазақстанда бұл мәселе халықаралық талаптарға қаншалықты сай деген сауал өзінен-өзі туындайды. Бұл мәселеде соңғы шешім шығаратын орган ретінде  біз еліміздің  сот саласында атқарылып жатқан істері мен жетістіктер жөнінде баяндап беру үшін Жоғарғы соттың Азаматтық істер алқасы төрағасының міндетін атқарушы Ақылтай Қасымовты сөзге тартқан едік. 

- Ақылтай Ахметжанұлы, еліміздің сот саласында атқарылып жатқан істерді  халықаралық талаптарға сай деп айта аламыз ба?

- Жалпы біз еліміздің сот саласын реформалауда соңғы жылдары көптеген жұмыстар атқардық деп айтуға болады. Қазіргі таңда баршаға мәлім тұтқынға алу санкциясын сот беретін болды. Осының нәтижесінде уақытша ұстау изоляторларындағы азаматтар саны 33 пайызға қысқарды. Олардың көпшілігі аса ауыр емес, орта деңгейдегі қылмыстар жасаған азаматтар. Сот қызметіндегі тағы бір айта кетерлік жетістік,  қазір ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша қаралатын сот істеріне қатысатын алқабилер соты институты жолға қойылып, олар тиімді жұмыс істеп келеді. Кей жағдайда алқабилер өкілдерінің сот шешімімен келіспей, айыпкерді ақтап шығатын кездері де болады. Бұл нағыз демократияның көрінісі. Сондай-ақ бізде сот жүйесінің өзін реформалау жұмыстары да белсенді жүргізілді. Осы уақытта Парламентте сот деңгейлерін қысқартуды көздейтін заң жобасы қаралуда. Біздің пайымдауымызша, алдағы жылдан бастап-ақ елде толық көлемде аппеляциялық соттар жұмыс істейтін болады, сондай-ақ соттағы істерді қарау мерзімі де біршама қысқармақ. Сөйтіп, бір жобаға келтірілген сот жүйесі азаматтардың мүдделері мен құқықтарын толық қорғауға қауқарлы болмақ.

Бүгінде сотта қаралған азаматтық істердің 100-нің тек 7-сін ғана қайта қарау жөнінде арыз түседі. Яғни, сот шығарған алғашқы    шешімдердің 93 пайызы талапкерлер мен жауапкерлерді қанағаттандыруда. Міне, жаңағы атап өткен аппеляциялық сот көпшіліктің көңілінен шыға қоймаған осы 7 пайыз істі қарайтын болады. Жалпы біздіңше, нағыз азаматтық қоғам құруды ниет етіп отырған демократиялы елде азаматтардың мүдделерін қорғау жұмыстары тек сот шешімімен ғана қорытындыланбауы тиіс. Қазақстанда сот шешімін орындаумен бүгінде тек мемлекеттік сот орындаушылары ғана айналысады. Біз енді бұл іспен мемлекеттік органдармен қатар, жеке сот орындаушылары да айналысса деген ниеттеміз. Осы мақсатта қазір Парламентте жеке сот орындаушылар институтын енгізуді қарастыратын заң жобасы қаралуда. Ондағы мақсат сот ісін жеңіп алған заңды тұлғада таңдау құқығы болуы керек. Заң жобасында, сондай-ақ тек мемлекеттік  сот орындаушылары атқаруы тиіс мәселелер де белгіленген. Сонымен қатар, азаматтардың мемлекеттік адвокаттардың да көмегіне жүгіне отырып, өз мүдделері мен көзқарастарын қорғауға мүмкіндіктері болуы қажет. Сот саласында бұл мәселе де бүгінде кеңінен талқылануда. Осыған қарай қазір біз әлеуметтік жағдайы нашар азаматтардың біліктілігі жоғары адвокаттардың көмегіне жүгіне алатындай мүмкіндікке қол жеткізулері үшін кеңейтілген адвокаттық қызмет жүйесін жолға қоюды жоспарлап отырмыз.  Жалпы алғанда еліміздің бүгінгі сот жүйесінде жүргізіліп жатқан реформаларға халықаралық деңгейде жақсы баға беріліп отыр. Оған біз Орталық Азия мен Еуропа елдерінің өкілдерімен болған басқосулар кезінде көз жеткізіп жүрміз. 

- Жоғарғы сот төрағасы сот қызметкерлерін ар-ұжданнан ада азаматтардан тазарту жөнінде жиі айтып жүр. Сіз бұл турасында не дер едіңіз?

  - Бұл бүгін ғана көтеріліп отырған мәселе емес. Соттардың ар-ұждан мәселесі осыған дейін назарда болған және бұл заңды да. Судья қоғамда ерекше мәртебесі бар тұлға болып есептеледі. Осыған қарай оларға Судьялар этикасы кодексінде көрсетілген мәселелер негізінде қатаң  талаптар қойылады. Біз судьялардың тәртіптік-біліктілік алқасына қатысты арнайы ереже дайындадық. Онда сот қызметкерлеріне қойылатын моральдық-этикалық талаптар көрсетілген. Жалпы соттар бұл мәселеге қатысты талаптардың барлығын біледі. Ашығын айту керек, соған қарамастан олар тарапынан осы нормаларды бұзу әрекеттері де ара-тұра кездесіп қалады. Мұндай қызметкерлерден біз мүмкіндігінше  тезірек арылуға тырысамыз.

Ар-ұждан мәселесінде бізде соттардың беделіне айтарлықтай нұқсан келтіретін фактілер де кездесіп, ақпарат құралдарының өкілдері оларды сынап та жатады. Кей жағдайда, тіпті  журналист ағайындардың асыра сілтеп жіберетін кездері де болады. Қалай болғанда да біз мұндай фактілерді қоғамнан жасырып қалуға тырыспаймыз. Керісінше, осы кемшіліктердің алдын алып, қажет жағдайда қатаң жаза қолдануға да дайынбыз. Жоғарғы сот мұндай фактілерді анықтау мен оларды талқылауға қатысты әдістерді де ойластырып қойған.   

- Жоғарғы сот төрағасы медиация, яғни араздасушы тараптарды татуластыру мәселесін тек азаматтық істер бойынша ғана емес, қылмыстық істер барысында да қолдануға тырысу қажеттігін айтып жүр. Бұл бағытта қандай шаралар қолға алынуда?

 - Иә, Жоғарғы сот төрағасы бұл мәселені осыған дейін бірнеше мәрте көтерген болатын. Бізде сотқа шағымданудың арнайы ережесі бар және одан бас тартуға болмайды. Соған қарамастан азаматтық және  қылмыстық істердің арасында өте ұзақ қаралатын мәселелер болады. Мысалы біреу 10 мың теңгенің дүниесіне бола сотқа шағымданады. Тағы біреу құны миллиондарды құрайтын іс бойынша арыз түсіреді. Сот түптеп келгенде, екі істі де бірдей заң талаптары негізінде қарайды. Ал осы екі іске бірдей уақыт шығындаудың қажеті бар ма? Неге олардың бірін араздасушыларды татуластыру арқылы сотқа дейін-ақ шешпеске?!    

Қорыта айтқанда, Еуропадағы медиация, арбитраж, өзара келісімге келу, аралық соттары сияқты мәселелер бізде де енгізілуі қажет. Екі көрші бір-бірімен араздасып, артынан татуласып жатса, оған мемлекеттің араласуы міндетті емес. Сондай-ақ бұл жағдайда қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізіп, біреудің кінәсін дәлелдеп жатудың да қажеті жоқ. Сонымен қатар, азаматтық істерге қатысты мәселелерде (әсіресе ол отбасылық, неке заңдарына мен кәмелетке толмағандардың ісіне қатысты болса) заң нормаларынан гөрі моральдық талаптарға бой ұсынған жөн. Жақында біз заңда белгіленген тәртіппен еліміздің заңнамаларына медиация мен қылмыстық қайта қалпына келтіру сот өндірісін енгізіп, арбитраж және аралық соттардың қолданылу ауқымын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Меніңше Жоғарғы соттың бұл бастамалары қолдау табады және өз нәтижесін береді. 

- Соңғы уақытта қоғамда Жоғарғы сот пен сот билігіне заң шығаруға бастамашылдық  құқық беру мәселесі жөнінде жиі айтылып жүр. Жалпы бұл мүмкін мәселе ме және оның енгізілуі қай уақытқа жоспарланып отыр?

- Бірден айта кетейін, сіз өте маңызды мәселе көтеріп отырсыз. Бүгінде сот билігінің ең жоғарғы тармағы ретінде Жоғарғы соттың заң шығару құқығы жоқ. Ол тек Конституция талаптары бойынша құқық мәселесі саналатын нормативті қаулы шығаруға ғана құқылы. Ал нормативті қаулының міндеті қолданыстағы заңнаманы түсіндіру. Сот елдегі заңдардың жүзеге асуын тәжірибе жүзінде бақылап отырған орган. Сондықтан, оның да заң шығаруда өзіндік бастамашылдық құқығы болуы тиіс. Егер бұл бастама болашақта іске асырылатын болса, біздің одан ұтарымыз көп.    

 - Сот өкілдері мемлекеттік қызметкерлер арасында ең жоғары жалақы алатын органдардың бірі. Соған қарамастан, елде 200-ге жуық судьяның пәтер жалдап тұратындығы жөнінде мәселе көтерілді таяуда. Бұл бағыттағы проблемалар қалай шешілуде? Жалпы сот саласындағы материалдық-техникалық қамтамасыз ету қандай деңгейде?

- Бізде Мемлекет басшысының қолдауымен және 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасының арқасында соттарды материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету мәселесіне үлкен көңіл бөлініп келеді. Бұл бағытта атқарылған шаруа қыруар. Қазір еліміздің әр облыс орталығында және бірқатар аудан орталықтарында сот ғимараттары салынып, ескілері жөндеуден өтті. Тіпті аудандық деңгейдегі соттардың материалдық-техникалық проблемалары шешілген. Барлық дәрежедегі соттар электрондық құжат айналымы арқылы қажетті қағаздармен алмасып отырады.

Ал судьяларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге қатысты мәселелердің бары рас. Бірақ, мемлекет жыл сайын белгілі бір көлемде судьяларды пәтермен қамтамасыз етіп келеді. Қазіргі қоғамда судьялардың  кірістері өте жоғары, осыған қарай олар тұратын үйлер де зәулім деген сыңайда пікір қалыптасқан. Бұл шындыққа жанаспайтын әңгіме. Біздің судьяларымыздың жағдайы қиын деп айта алмаспыз. Бірақ, олардың да арасында қалың көпшілік сияқты орташа деңгейдегі пәтерде тұратындар жетерлік. Судьяларды тұрғын үймен қамтамасыз ету қоғамнан тыс жатқан мәселе емес. Бізге салса, тек судьялар ғана емес, қарапайым азаматтар да пәтерлі болсын дер едік. Баршаға мәлім бұл мәселе қоғамның назарында және мемлекет оны шешуде тиісті шараларды қолданып та жатыр. Қорыта айтқанда, бұл мәселеде атқарылған іс аз емес, атқарылуы тиіс жұмыстар одан да көп.

Қоғамда судьялардың еңбекақысы ең жоғары деңгейде деген пікір қалыптасқан. Алайда ол шындыққа сәйкес келмейді. Қазіргі кезде аудандық соттардағы судьялар басқа мемлекеттік қызметшілер алып жүрген еңбекақы көлемінде, тіпті одан аз мөлшерде жалақы алады.  Мысалы, қатардағы аудандық салық инспекторы сол аудандық соттың судьясынан артық еңбекақы алатынын көпшілік біле бермейді.

  - Рахмет!

Соңғы жаңалықтар