Еуропаға тасымалданатын жүктің 80 пайызы Қазақстан арқылы өтеді – Роман Скляр

«Қазіргі геосаяси ахуалды ескерсек, жаңа көлік-логистикалық бағыттардың стратегиялық маңызы артып тұр. Бұл өзара тасымал тізбегі мен өндірістерді сенімді әрі әртарапты ету үшін қажет. Қытай мен Орталық Азиядан Еуропаға бағытталған тауардың 80%-дан астамы Қазақстан арқылы тасымалданады. Бұл тұрғыда құрлықтағы сауда картасында Транскаспий халықаралық көлік маршрутының маңызы артып отыр. Бұл бағытпен тасымалданып жатқан жүк айналымының ұлғайғаны көңіл қуантады. Былтыр жүк ауыстырып тиеу көлемі 2 есе өсіп, 1,7 млн тоннаға жеткен. Ал биыл алғашқы 5 айда жүк ағыны 64% артты. Орта есеппен, биыл бұл бағыттағы жүк айналымының көлемін 10 млн тоннаға дейін жеткізбекпіз. Қазақстан өз тарапынан неміс және еуропалық әріптестеріне порттардың әлеуетін барынша пайдалануға мүмкіндік ұсынуға дайын», - деді Роман Скляр.
Бірінші вице-премьер екі ел арасныда балама энергетика саласындағы әріптестікті дамыта алатынын атап өтті.
«Баламалы энергетика мен жасыл экономика саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Біз 2030 жылға қарай елдің энергия балансындағы жаңартылатын көздердің үлесін 5%-дан 15% дейін ұлғайтуға ниеттіміз. Осы мақсатта тиісті ұлттық стратегия қабылданып, баламалы энергия көздеріне кезең-кезеңімен көшу көзделіп отыр. Энергетикалық тиімділікті арттыру бағытында да шара қабылдап жатырмыз», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.