Еуропалық дипломаттардың Иран СІМ басшысымен кездесуі нәтиже бермеді

АСТАНА. KAZINFORM — Бұл өткен жұма күні Израильдің Иранға қарсы әскери әрекеттер бастаған сәтінен бергі батыстық және ирандық ресми тұлғалардың алғашқы жеке кездесуі болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Аббас Аракчи
Фото: IRNA

Еуропаның жетекші дипломаттарының Иран СІМ басшысымен 20 маусымдағы кездесуі үміт ұялатқанымен, нақты нәтиже бермеді

Ұлыбритания, Франция және Германияның сыртқы істер министрлері, сондай-ақ Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі басшысы Кая Каллас Женевадағы қонақүйде Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчидің кездесуге келгенінен кейін шамамен төрт сағаттан соң келіссөз залынан шықты.

Келіссөздер аяқталғаннан кейін жарияланған бірлескен жазбаша мәлімдемеде үш еуропалық мемлекет пен Еуроодақ Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздер арқылы шешім табу жолдарын талқылағандарын мәлімдеді.

Еуропалық тарап Иранның ядролық бағдарламасының «кеңейіп» жатқандығына тағы да алаңдаушылық білдіріп, бұл бағдарламаның «азаматтық мақсатқа бағытталғандығы дәлелденбеген» деп қосты.

ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі басшысы Кая Каллас былай деді:

— Біз ядролық мәселені, сондай-ақ бізде бар кең ауқымды мәселелерді талқылауға келістік және пікірталасты ашық күйде қалдырдық.

Германияның Сыртқы істер министрі тараптар «өте байсалды келіссөздер» жүргізгенін атап өтті.

— Бүгінгі кездесудің жақсы нәтижесі ирандық тараптың маңызды мәселелер бойынша талқылауды жалғастыруға дайын екендігі туралы әсермен кетіп бара жатқанымыз, — деді Германияның Сыртқы істер министрі Йохан Вадефул. 

Францияның Сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро журналистерге: әскери операциялар Иранның ядролық бағдарламасын баяулатуы мүмкін, бірақ оны толықтай жою мүмкін емес екенін айтты.

— Біз Ауғанстан, Ирак және Ливиядағы жағдайдан кейін сырттан режим ауыстыруға ұмтылу — бұл елеске сену және өте қауіпті әрекет екенін жақсы білеміз, — деді ол.

Барро сонымен қатар еуропалық елдер ирандық министрге «соққылардың аяқталуын күтпей-ақ» АҚШ қоса алғанда барлық тараппен келіссөз жүргізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынғанын айтты.

Алайда барлық уәделерге қарамастан, Иран ядролық бағдарлама бойынша жаңа келіссөздер жүргізу мүмкіндігін Израильдің шабуылдары тоқтамайынша жоққа шығарды.

Аракчидің айтуынша, Иран тек «Израиль агрессиясы тоқтаған» жағдайда ғана дипломатияны қарастыруға дайын.

— Мен анық айтамын, Иранның қорғаныс әлеуеті талқылауға жатпайды, — деп атап өтті Иран СІМ басшысы Женевадағы келіссөздерден кейін.

Ол ЕО мен «Үштік Еуропа» елдерімен (E3) пікір алмасуды жалғастыруға қолдау білдіріп, жақын арада тағы да кездесуге дайын екенін айтты. Сонымен бірге Израильдің Ирандағы ядролық нысандарға жасаған шабуылдарын айыптап, еуропалық елдердің бұл әрекеттерді айыптамауына «қатты алаңдаушылық» білдірді.

Өз кезегінде Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми Тегеранды АҚШ-пен келіссөзді жалғастыруға шақырды. 

— Біз Иранмен қазіргі пікір алмасулар мен келіссөздерді жалғастыруға ниеттіміз және Иранды АҚШ-пен келіссөзді жалғастыруға шақырамыз. Иранда ядролық қару болмауы тиіс екенін нақты айттық, — деп қосты Лэмми.

Ол сондай-ақ «алдағы екі апта ішінде дипломатиялық шешімге келуге мүмкіндік бар» екенін айтып, Иранды «осы ұстанымнан бас тартуға» шақырды.

Соңғы жаңалықтар