Еуропалық көшбасшыларға үндеу, АҚШ-пен қарым-қатынас және ҚҚС көтеру - Путин «Валдай» отырысында нені талқылады
АСТАНА.KAZINFORM — Ресей президенті Владимир Путин Сочиде өтіп жатқан «Валдай» халықаралық пікірталас клубының пленарлық отырысы барысында еуропалық көшбасшыларға үндеу жасады, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Кремль сайтының хабарлауынша, биылғы форумның тақырыбы «Полицентристік әлем: пайдаланушыға арналған нұсқаулық» болды. Путин қазіргі әлемде көпполярлылық қалыптасып үлгергенін және қазіргі жағдайда ортақ негіз іздеу қажет екеніне сенім білдірді.
— Барлық ойыншы бір-бірінің мүдделерін ескеруі керек, өйткені жалғыз өз мақсаттарыңызға жету мүмкін емес, — деді Путин.
Ол сондай-ақ Ресейді «жаһандық бейбітшілік қауымдастығынан шығаруға болмайтынын» атап өтті.
Сонымен қатар, Ресей басшысы Еуропаның милитаризациялануын мұқият қадағалап отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша «қауіп төнген жағдайда жауап шаралары көп күттірмейді».
Путин сондай-ақ Ресейдің НАТО-ға кіруге дайын екенін екі рет мәлімдегенін, бірақ екеуінде де одан бас тартылғанын айтты.
Ресей президенті Украина жанжалына да тоқталды.
— Егер сол кезде АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп билік басында болса, Украинадағы қақтығысты болдырмауға болар еді, — деді Путин.
Ол сондай-ақ соңғы жылдардағы украиналық қақтығысты шешуге күш салған барлық елге алғысын білдірді.
Ресей президенті өз сөзінде Ресейдің АҚШ-пен қарым-қатынасын талқылады.
— Трамп әкімшілігі өз қалауын тура айтады, бірақ шынайы түрде айтады. Көптеген жаһандық мәселеге қатысты Ресей мен АҚШ-тың көзқарасы әртүрлі. Бұл мұндай ірі державалар үшін қалыпты жағдай. Ең бастысы, бұл қайшылықтарды қалай шешуге болады және оларды қаншалықты бейбіт жолмен шешуге болатындығында, — деді ол.
Ресей президенті ҚҚС-ты 22 пайызға дейін көтеру туралы да айтты. Путин 2023-2024 жылдары Ресей экономикасының «рекордтық қарқынмен» өскенін атап өтті. Ол салықты 20%-дан 22%-ға көтеру «экономиканы мәжбүрлі түрде төмендету» екенін баса айтып, мұндай шешім «көлеңкелі экономиканың өсуіне катализатор болмайды» деген ойын білдірді.
— Бұл негізгі мөлшерлемеге қатысты макроэкономикалық мәселелер бойынша шешім қабылдау кезінде Орталық банкке де, бюджет шығыстары бойынша үкіметке де жақсы тепе-теңдікті табуға мүмкіндік береді, — деді ол.
Бұған дейін Ресей Қаржы министрлігі үкіметке Салық кодексіне кейбір түзетулерді қамтитын заң жобасын ұсынған. Нақтырақ айтсақ, ҚҚС-тың жалпы мөлшерлемесін 20 пайыздан 22 пайызға дейін көтеруді ұсынған еді.