Еуропалық Одақ АИТВ-ға қарсы жаңа вакцинаны қолдануға рұқсат берді
АСТАНА. KAZINFORM — ЕО «Ленакапавир» вакцинасын Адам иммун тапшылығы вирусынан (АИТВ) қорғану үшін қолдануға рұқсат етті, деп хабарлайды DW.

AFP агенттігінің мәліметінше, АИТВ-дан қорғануға арналған «Ленакапавир» препараты Еуропалық дәрі-дәрмектер агенттігі (EMA) тарапынан жеделдетілген тәртіппен қаралып, Еуроодақта мақұлданды.
Зерттеулер көрсеткендей, Еуропада Yeytuo, ал АҚШ-та Yeztugo атауымен сатылатын «Ленакапавир» ересектер мен жасөспірімдер арасында АИТВ жұқтыру қаупін 99,9%-дан астам төмендетеді. Препаратты қолданар алдында пациент екі бастапқы таблетканы қабылдайды, содан кейін дәрі тері астына әр алты ай сайын егіледі.
Еуропалық дәрі-дәрмектер агенттігі бұл бағалауды Еуроодақ елдеріне ғана емес, сондай-ақ еуроаймаққа кірмейтін мемлекеттер үшін де EMA Medicines for All бағдарламасы аясында жүргізді. Бұл процеске Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) мен Кения, Нигерия және Таиландты қоса алғанда сегіз елдің реттеуші органдары да қатысты.
Айта кетейік, АИТВ-дан қорғайтын алдын алу препараттары он жылдан астам уақыттан бері қолданыста болғанымен, олардың жаһандық індеттің таралуына айтарлықтай әсері әлі байқалмай отыр. ДДҰ деректері бойынша, 2024 жылы әлем бойынша 1,3 миллион адам АИТВ жұқтырған, оның ішінде 160 мыңы Еуропада, ал 650 мыңы Африкада тіркелген.
Бұған дейін АҚШ әлемдегі алғашқы АИТВ-ге қарсы вакцинаны мақұлдағанын жазғанбыз.