Еуропалық Одақ Ливанмен серіктестікті қалпына келтіруге дайын екенін мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM - Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас Ливанда жаңа үкімет құрылуына байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

- Ливанды жаңа үкіметінің құрылуымен шын жүректен құттықтаймын. Премьер-министр Наваф Саламға және бүкіл үкіметке Ливан халқының арман-мақсатын жүзеге асыруда толағай табыс тілеймін. Юсуф Раджиді Сыртқы істер министрі болып тағайындалуымен құттықтаймын және онымен сөйлесуді асыға күтемін, - деді еуропалық дипломат.
ЕО Ливан халқына, атап айтқанда, барлық азаматтың игілігі үшін өз міндеттерін орындауға қабілетті мемлекеттік институттарды қалпына келтіруге тұрақты қолдау көрсететінін мәлімдеді.
- Біз жаңа үкіметке жаңа реформаларға және болашаққа бағытталған күн тәртібін ілгерілетуде, ЕО-Ливан серіктестігін жаңартуда ынтымақтастық кеңесін өткізу арқылы қолдау көрсетуге дайынбыз, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Ливанда Наваф Салам басқаратын жаңа үкімет жасақталды.