Еуропалық Одақ пен Иордания серіктестік құжатына қол қойды

АСТАНА. KAZINFORM – Иордания Королі II Абдалла Брюссельде болып, онда Еуроодақ пен Иордания стратегиялық және жан-жақты әріптестік туралы құжатқа қол қойды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

ЕО мени Иордания
Фото: кадр видеодан алынды

Еурпалық Одақ пен Иордания осы серіктестіктің арқасында екі тарапқа да ортақ қауіптермен күресті мүмкіндігінше тиімді жүргізу және бейбітшілік, демократия мен адам құқықтары сияқты ортақ құндылықтарды дамыту үшін ежелден қалыптасқан қарым-ұатынас пен достықты тереңдете түсуде - делінген Еуропалық комиссия төрайымы У.Ляйеннің мәлімдемесінде.

Еуропалық бағалауға сәйкес, Иордания – Еуропаның Таяу Шығыс пен Жерорта теңізіндегі негізгі серіктесі және аймақтық тұрақтылықтың тірегі ретінде қызмет етеді.

- Ел миллиондаған босқындарды қабылдауда керемет жомарттық танытты және аймақта және бүкіл әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға толығымен дайын, - делінген құжатта.

Иордания Газадағы атысты тоқтату режимін сақтауда шешуші рөл атқарады, ал ЕО оның гуманитарлық көмектің аймақтық орталығы ретінде маңыздылығын мойындайды. Сириядағы өтпелі кезеңді қолдаудағы Иорданияның көшбасшылығы оның өңірдің болашағын қалыптастырудағы шешуші рөлін айқындап отыр.

Стратегиялық және жан-жақты серіктестік үш негізгі мақсатқа бағытталған: Иорданияның тұрақтылығын қолдау, король Абдалла II-нің саяси, экономикалық және әкімшілік модернизация күн тәртібін ілгерілету, сондай-ақ елдің экономикалық тұрақтылығын нығайту.

Бүгінде ЕО қазіргі геосаяси сын-қатерлерді еңсеруде, қоғамдағы өсу мен дамуға ықпал ететін реформаларды жүзеге асыруда және экономикасын нығайту үшін инвестиция тартуда Иорданияға қолдау көрсетуге өзінің адалдығын растайды.

Бұл серіктестік 2025-2027 жылдарға арналған 3 млрд еуро көлеміндегі қаржылық және инвестициялық пакетпен қолдау тапты. Бұл Таяу Шығыстағы қиындықтардың өзектілігі мен ауқымын көрсететін айтарлықтай өсім.

Бұл серіктестік аясында ЕО мен Иордания саяси қарым-қатынастар мен аймақтық ынтымақтастық, қауіпсіздік пен қорғаныс, экономикалық тұрақтылық, сауда және инвестиция, білім мен біліктілікті арттыру, көші-қон мәселелері және босқындарды қолдау сияқты кең ауқымды салаларда ынтымақтасады.

- Бүгін менің Король II Абдаллаға және Иордания халқына жолдауым мынау: Еуропа серіктестікті қатты бағалайды. Сіздің батылдығыңыз бен аймақтық тұрақтылыққа деген адалдығыңыз мойындауға лайық. Еуропа әрқашан сізбен бірге болады - сынақтарда да, сәттіліктерде де, - делінген У.Ляйен мәлімдемесінде.

Бұған дейін 16 желтоқсанда Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен Иорданияға барып, Иордания королі Абдалла II-мен кездесті.

Осыған дейін Иран мен Еуропалық Одақтың үш елі санкцияларды жою туралы келіссөз бастағанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар