Иран мен Еуропалық Одақтың үш елі санкцияларды жою туралы келіссөз бастады

АСТАНА. KAZINFORM - Женевада Иран мен Еуропалық Одақтың үш елі (Ұлыбритания, Германия және Франция) арасындағы келіссөздердің жаңа кезеңі басталды. Бұл туралы Kazinform тілшісі Иран Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлады. 

Иран мен Еуропалық Одақтың үш елі санкцияларды жою туралы келіссөз бастады
Фото: Иран СІМ

— Бүгін Женевада Иран мен Еуропаның үш мемлекеті арасында келіссөздер жүріп жатыр. Олар бірқатар мәселені қамтиды және келіссөз ертең де жалғасады, - деді апталық брифингіде Иран Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Эсмаил Багаи. 

Ол сондай-ақ талқылау екі салаға арналғанын атап өтті. 

— Талқылау келісімге келу үшін маңызды санкцияларды жою және ядролық салаға арналды. IRNA ақпарат агенттігі Сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гарибабадидің сөзіне сілтеме жасап: «Келіссөздерді қайта бастау керек және барлық тарап келісімге келу үшін қолайлы атмосфераны жасап, қолдауы керек» деген консенсусқа қол жеткізілгенін хабарлады, - деді ол. 

Дипломат келіссөздер ашық әрі сындарлы өткенін және әрі қарай жалғасатынын атап өтті. Өткен қараша айында Иран Сыртқы істер министрінің орынбасарлары Маджид Тахт-Раванчи мен Казем Гарибабади Женевада Ұлыбритания, Германия және Франция өкілдерімен кездесіп, Тегеранның ядролық бағдарламасын талқылады. 

Бұған дейін Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ассамблеясының отырыстарына қатысу кезінде Иранның ядролық келісім бойынша келіссөздердің жаңа кезеңін бастауға дайын екенін мәлімдеген. 

Дипломат кейінірек бұл ұстанымын Қытайдың CCTV China телеарнасына берген сұхбатында растады. 

Соңғы жаңалықтар