Еуропалық Одақ Temu мен Shein-нің арзан тауарларына баж салығын енгізуді ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM - Еурокомиссия құны 150 еуродан төмен ЕО елдерінен келген тауарларға 2 еуро көлемінде баж салығын енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы Еуропалық сауда жөніндегі комиссар Марош Шефчович мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Еуропалық Одақ Temu мен Shein-нің арзан тауарларына баж салығын енгізуді ұсынды
Фото: freepik.com

Оның айтуынша, бұл шара Еуроодақтың кеден қызметтеріне түсетін жүктемені азайтуға, сондай-ақ импорт тауарларының сапасы мен қауіпсіздігіне бақылауды күшейтуге бағытталған. Ең алдымен, жаңашылдық Қытайдың танымал Temu және Shein онлайн платформаларына әсер етеді. Қазіргі уақытта олардың құны 150 еуродан аспайтын тауарларына ЕО-ға импортталатын кезде салық салынбайды. 

2 еуро баж салығы тек тұтынушыларға тікелей жіберілетін тауарларға қатысты болатыны атап өтілді. Бұл ретте ЕО ішіндегі тарату қоймаларына жеткізілетін тауарларға 0,50 еуроға төмендетілген мөлшерлеме қолданылады. 

Еуропалық комиссияның мәліметі бойынша, 2024 жылы ЕО елдері 4,6 миллиардқа жуық арзан тауар алды, оның 90%-дан астамы Қытайдан келген. Шефчовичтің айтуынша, тұрақты баж салығын енгізу өнімдерді логистикалық және санитарлық тексеруге кеткен шығындарды өтеуге көмектеседі, сондай-ақ ЕО ішкі нарығын сертификатталмаған және қауіпті өнімдерден қорғауды күшейтеді. 

Басқа елдерде де осындай шаралар қарастырылып жатыр. Мысалы, Ұлыбританияда Қытай платформаларынан келетін тауарларға салық енгізу мүмкіндігі талқыланып жатыр. АҚШ-та бұрынғы президент Дональд Трамптың әкімшілігі синтетикалық есірткінің заңсыз әкелінуімен күресу қажеттігін алға тартып, Қытайдың барлық импортына 120% баж салығын енгізді. 

Қазақстанда қытайлық онлайн сауда алаңдарынан құны 200 еуроға дейінгі тауарлар қазір кедендік баж салығынан босатылған. Дегенмен, бажсыз импорттың ағымдағы шегін қайта қарауға қатысты талқылаулар қазірдің өзінде жүріп жатыр. 

Сарапшылар шетелдік интернет-дүкендердің танымалдылығының артуы аясында отандық кәсіпкерлерді қолдау шараларын әзірлеу және ішкі нарықтағы бәсекелестік шарттарын теңестіру қажеттігін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар