Еуропалық және азиялық медиафорум бұқаралық ақпарат құралдарын дамытудың беделді пікірталас алаңына айналды - Н.Назарбаев
Елбасының құттықтауын аталмыш форум барысында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев жеткізді. «Бүгінгі жиынның Қазақстанның жас астанасында өткізіліп отырғандығының өзіндік орны бар. 16 желтоқсанда Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтеді. Осы жылдар аралығында еліміз Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерін жақындастыруда жетекші рөл атқарып келді. Біздің бастамамызбен және біздің қатысуымызбен Еуразиялық экономикалық қоғамдастығы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Кедендік Одақ сияқты ұжымдар дүниеге келді. Бауырлас елдердің бірауыздан қолдауының арқасында Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. Осының барлығы да біздің елдердің келісім мен ынтымақтастығының болашағы зор екендігін білдіреді. Осымен 6-шы рет өткізіліп отырған еуропалық және азиялық медиафорум бұқаралық ақпарат құралдарын дамытудың беделді пікірталас алаңына айналды. Мұндай кездесулер ТМД кеңістігінде ықпалдастық үдерістерді жетілдіруге ықпал етеді», - делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Естеріңізге сала кетейік, еуропалық және азиялық медиафорумға елімізден және шет мемлекеттерден 300-ге жуық делегация өкілдері қатысуда. Олар екі күн қатарынан бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін дамытуға қатысты өзекті деген мәселелерді талқылайтын болады.