Еуропаның сандық құжатайналым жүйесінің мамандары ҚР Ұлттық мұрағатында болды

АСТАНА. 16 қараша. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - «Электронды құжатайналым жүйелері. Уақыт талабы» атты халықаралық конференцияның қатысушылары Астанадағы ҚР Ұлттық мұрағатында болып қайтты.
None
None

Атап айтқанда, ҚР Ұлттық мұрағаттың жұмысымен Польша Республикасының Мемлекеттік мұрағаты бас директорының орынбасары Андре Бернат, Эстония Республикасы Ұлттық мұрағатының кеңесші-жетекшісі Койт Сааревет, Ресей Федерациясының «Гильдия управляющих документацией» қоры директорының орынбасары Сергей Афанасьев танысты. Басты мақсат - мұрағат қорында сақталған құнды құжаттарды, тарихи жәдігерлерді, құжатайналымның қазақстандық үлгісімен танысып, тығыз әріптестік байланыс орнату.

Ертең ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына орай өткізілетін конференция барысында, олар сандық мұрағат құжаттарын сақтау және электронды құжатайналым жүйелерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету тақырыбында баяндама жасайтын болады.

ҚР Ұлттық мұрағатының директоры Марат Абсеметовтің айтуынша, 17 қараша күні конференцияның негізгі жұмысы кезінде Польшаның, Эстонияның, РФ-нің электронды құжаттар жүйесін құрудың мемлекеттік тәжірибесі зерделенбек.

Бүгін мұрағатқа бас сұққан меймандарға арнап, мекеме қызметкерлері Қазақстанның ең басты негіз құраушы құжаттары, Ата Заңы, ҚР Тұңғыш Президентінің қол қойған алғашқы Жарлықтары, Жоғарғы Кеңестің және Президиумының алғашқы сайлаудың өткізілуі, жаңа Парламентті жасақтау жөніндегі қаулылары енген көрме экспозициясын көрсетті.

«Біздің мұрағатта барлық министрліктің аса маңызды тарихи құжаттары, тіпті жаңа қала - Астананың әу баста сызылған сызбалары мен жоспарлары сақтаулы тұр. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында бағзы заман және орта ғасыр тұсындағы Қазақстан территориясынан табылған тамаша коллекциялар жинақталып қалды», - дейді мұрағат директоры Марат Абсеметов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта біздің алдымызда халқымыздың ұлттық игілігін, тарихи қорын қалыптастыру мақсаты қойылып отыр. Ұлттық мұрағат сөрелерінде Әмір Темірдің алғашқы мұрағатты құру туралы жарлыққа қол қойғаннан бергі, яғни Алтын орда заманы тұсынан бергі құжаттар топтастырылуда.

Соңғы жаңалықтар