Еуропарламент Болгарияның еуроаумаққа енуін мақұлдады

АСТАНА. KAZINFORM – Еуропа парламентінің депутаттары (ЕП) Болгарияның 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап, еуроаймаққа енуіне қолдау білдірді, деп хабарлайды ресейлік ТАСС.

Болгария
Фото: pixabay.com

Дауыс беру рәсімі Страсбургте ЕП пленарлық сессиясында өтті.

Софияның еуроаймаққа кіруі үшін қажетті талаптарды орындағаны туралы баяндаманы 531 депутат қолдап, 69-ы қарсы дауыс берді, 79 депутат қалыс қалды.

Еуропа халық партиясының (ЕХП) атынан сайланған депутат, Болгарияның еуроаймаққа қосылу мәселесі жөнінде баяндама жасаған Ева Майдел Болгарияның валюта одағына кіруге дайын екенін айтты.

Дегенмен бірқатар депутат Майделдің Болгария үкіметі қолдайтын саяси лагерь өкілі екенін негізге ала отырып, дауыс беруді кейінге қалдыруды талап етті.

Парламент мүшелерінің пікірінше, бұл жағдай оның баяндамасына күмән тудырады.

- Парламент құжаттарды талқыламай жатып қолдай салмай, оны тексеру керек,-деді «Егеменді ұлттар еуропасы» оңшыл коалициясының атынан сайланған депутат Рада Лайкова. ЕП бұл бастаманы қолдамады.

Болгарияда еуроға көшу туралы шешім наразылық тудырды. 28 маусым күні манифестанттар үкіметтің отставкаға кетуін талап етті. Болгариялық левті еуропалық валютаға ауыстыруға қарсылар бұл шешімнің республика мен оның экономикасына зиян және елдің егемендігін шектейді деп есептейді.

Осыған дейін Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне Болгария порттарын қосу мәселесі қарастырылатыны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар