Еуропарламент депутаттары жыл сайын уақыттың бір сағатқа жылжуын тоқтатқысы келеді
АСТАНА. KAZINFORM – Брюссель талай жыл бойы уақыттың қыста және жаз кезінде тұрақты ауысып отыруын тоқтатуға уәде беріп келген. Еуропарламенттің 66 депутаты Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйенге бұл уәдені түпкілікті орындау туралы талап жолдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігі BILD-ке сілтеме жасап.
«Зерттеулер көрсеткендей, уақыттың өзгеруі ұйқы режиміне теріс әсер етеді, инфаркт пен инсульт қаупін арттырады және жол-көлік оқиғалары санының көбеюіне әкеліп соғады. Энергияны үнемдеуге қатысты жасалған зерттеулердің болжамы да мүлдем негізсіз болып шықты», - делінген депутаттардың хатында.
2018 жылы жүргізілген сауалнама ЕО азаматтарының 84%-ы уақыттың өзгеруінен шаршағанын көрсетті. Еуропарламент уақыттың өзгеруін тоқтатуды қолдап дауыс берді, ал ЕО-ның сол кездегі басшысы Жан-Клод Юнкер бұл шешімді орындауға уәде берді.
Урсула фон дер Ляйен 2019 жылдың желтоқсанында Юнкердің орнына келген кезде бұл уәде әлі орындалмай тұрды. Пандемия және ұлттық үкіметтер деңгейіндегі бюрократтардың баяулығы бұған кедергі болды. Қазір уақытқа қатысты мәселе тағы еске алынып отыр.
Осыған дейін Еуроодақ Таяу Шығыстағы қақтығыста 130-ға жуық журналистің өлтірілгенін айыптағаны туралы жаздық.