Еуропарламенттегі сыбайлас жемқорлық: бес адамға Huawei-мен қылмыстық байланысы бар деген айып тағылды
АСТАНА. KAZINFORM – Huawei-де бұл айыптауларға жауапкершілікпен қарайтынын және тергеушілермен «шұғыл байланысқа шығатынын» мәлімдеді, деп хабарлайды Euronews.

Бельгия прокуратурасы қытайлық Huawei компаниясына қатысты сыбайлас жемқорлықты тергеу аясында бес күдіктіні айыптады. Прокурорлар оларды Еуроодақ депутаттарына пара берді деп күдіктеніп отыр.
Сейсенбі күні Бельгия прокуратурасы төрт адамға «белсенді сыбайлас жемқорлық және қылмыстық ұйым ұйымдастырды» және тағы бір адамға ақшаны жылыстату бойынша айып тағылғанын растады. Соңғысы ешқайда кетпеу туралы кепілхатпен босатылып, қалғандарына қамауға алу туралы ордер берілді.
Прокурор дүйсенбі күні Брюссельдегі Еуропарламент кеңселерінде жаңа тінтулер жүргізілгенін қосып өтті.
Бұған дейін, 13 наурызда екі кеңсе мөрленді, олардың бірі Марко Фальконе, Паоло Камписи мен Франческо Вастаның көмекшілеріне, екіншісі Никола Минчевтің (Болгария/Жаңа Еуропа) көмекшісі Адам Муштарға тиесілі болды.
Бұдан басқа, полиция Брюссельдегі Huawei штаб-пәтерінде, сондай-ақ Брюссельдегі 21 мекенжайда, Бельгияның Фландрия мен Валлония аймақтарында және Португалияда тінту жұмыстарын жүргізді.
14 наурызда Еуропарламент Huawei лоббишілеріне өз ғимараттарына баруға уақытша тыйым салып, бұл қауіпсіздік ережелеріне сәйкес сақтық шарасы ретінде жасалғанын мәлімдеді.
Бұл қамауға алулар Қытай телекоммуникациялық алпауытында жұмыс істейтін лоббишілер компанияның Еуропадағы коммерциялық саясатын ілгерілету үшін Еуропалық парламенттің қазіргі немесе бұрынғы мүшелеріне пара берді деген күдікке ілінгенін анықтаған Le Soir және басқа БАҚ-тың тергеуінен кейін болды.
Прокурорлар жемқорлық 2021 жылы басталды деген пікір айтты.
Бұған дейін Еуропарламенттің 15 мүшесі сыбайлас жемқорлыққа қатысты тергеу аясында назарға іліккенін жазған болатынбыз.