Еуропол Еуроодақта лаңкестік қаупінің артып келе жатқанын хабарлады

АСТАНА.KAZINFORM — Еурополдың өкілі Ирандағы қақтығысқа байланысты Еуроодақ елдерінде лаңкестік әрекеттер қаупі күшейгенін мәлімдеді. Бұл туралы Euractiv жазды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Брюссельдегі меншікті тілшісі.

Еуропол Еуроодақта лаңкестік қаупінің артып келе жатқанын хабарлады
Фото: Wikipedia

Еурополде Иранның нұсқауымен әрекет ететін топтар Еуропалық Одақ аумағында да тұрақсыздық тудыратын әрекеттермен айналысуы мүмкін екені атап өтілді.

— Еуроодақ аумағындағы террористік және зорлық-зомбылық экстремистік қауіптің деңгейі жоғары деп бағаланады. Бұл кейбір жеке тұлғалар немесе шағын, өзін-өзі ұйымдастырған топтар тарапынан ел ішінде радикалдану түрінде көрінуі мүмкін, — деді Еурополдың өкілі Ян Оп ген Оорт.

Ол желіде контенттің тез таралуы Еуроодақ аумағында тұратын диаспоралар мен басқа тұлғалар арасында қысқа мерзімді радикалдануды жеделдетуі мүмкін екенін айтты.

Осы аптада Еуропалық комиссияның Қауіпсіздік колледжі Израильдің жетекшілігімен жасалған соққы кезінде бұрынғы Иранның жоғарғы жетекшісі Әли Хаменеи өліміне байланысты Иран тарапынан ықтимал жауап әрекеттеріне алаңдай отырып, Еурополмен ынтымақтастықты күшейтуге шешім қабылдады.

— Егер ирандықтар шыдамы таусылса, хаотикалық терроризмге баруы ықтимал, онда Тегеранмен тікелей байланысы жоқ тәуелсіз топтарға әрекеттерін еркін жүргізу тапсырмасы берілуі мүмкін, — деп хабарлады полиция құрылымдарындағы аймақтық дереккөз Euractiv-ке.

Еурополдың бағалауынша, егер қақтығыс жалғаса берсе, батыстық инфрақұрылым мен бизнеске бағытталған кибершабуылдар қаупі одан әрі артуы мүмкін.

Europol — Еуропалық Одақтың құқық қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі ресми полиция агенттігі. Оның толық ресми атауы — Еуропалық Одақтың Құқық қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі агенттігі.

Осыған дейін Еуропалық Одақ және Парсы шығанағы елдері Иранның шабуылдарын айыптап, шиеленісті азайтуға шақырғаны туралы жаздық.

Соңғы жаңалықтар
Референдум