EuroSkills Herning 2025: Қазақстан ТОП-5 ел тізіміне енді
АСТАНА. KAZINFORM – Данияда өткен EuroSkills Herning 2025 жарысында топ жарған астаналық студент мен оның тәлімгері әлемдік додадағы қызықты әрі қиын сәттерден сырт шертті.

— Жарыс жұмысшы мамандықтарын көтермелеу мақсатында өткізіледі. Оның тарихы 1949 жылы алғаш рет Испанияда өткен. Онда құрылыс, қызмет көрсету, логистика секілді бірнеше категория бойынша жарыс ұйымдастырылады, біздікі IT мамандықтары бойынша болды. Соның ішінде шәкіртім Ағыбай веб-технологиялар категориясында сынға түсті. Сайыс 3 күнге созылды, - деді жоба жетекшісі Айжан Зияданова Jibek Joly телеарнасындағы «Bugin Live» бағдарламасында.
Ал астаналық студент Мұхаметжан Ағыбай бұл жарыста қай тапсырма қиын болғанын атап өтті.
— Дайындық кезеңі 2 айға созылды. Күн сайын нақты тапсырмаларды орындадық. Қиындықтардың бірі шектеулі уақыт ішінде тапсырмаларды орындау болды. Әр күн сайын 7-8 сағаттан бағдарламалаумен айналыстық, - дейді ол.
Жас дарын бұл жарыста екі медаль жеңіп алған. Бірі өз категориясы бойынша қола болса, енді бірі — Best of Nation, яғни «Үздік өкіл» атағын жеңіп алғаны үшін берілген алтын медаль.
Жоба жетекшісі Айжан Зияданованың айтуынша, халықаралық жарысқа үміткерлер әуелі ел ішінде іріктеледі. Аудандық, облыстық және қалалық деңгейде үздік нәтиже көрсеткен жас таланттардың ішінен мықтылар таңдап алынып, ұлттық құрамаға шақырылады.
— Мен WorldSkills әлемдік чемпионатына 2018 жылдан бері сарапшы ретінде қатысамын. Қазақстанның деңгейі жақсы деп айта аламын, соңғы 5 жылдың ішінде ТОП-5 қатарында келеміз, - дейді тәлімгер.
Оның айтуынша, бұл сайысқа бір адам тек бір рет қана қатыса алады екен.
Айта кетейік, бұған дейін Данияда өткен EuroSkills Herning 2025 IX Еуропалық кәсіби шеберлік чемпионатында қазақстандық студенттер 7 үздік медаль алғанын жазған едік.
Сайысқа әлемнің 32 елінен 600 жас талант қатысқан болатын. Қазақстандық колледж студенттері 25 құзырет бойынша бақ сынады. Олардың қатарында веб-технологиялар, мехатроника, CAD инженерлік графикасы, желілік әкімшілендіру, графикалық дизайн, дәнекерлеу технологиясы, мейрамхана сервисі, кондитерлік іс, автомеханика және басқа да бағыттар бар.