Еуровидениеге қатысатын болгариялық Кристиан Костов қазаққа жиен болып шықты
Еуровидениеде Болгарияның атынан шығатын конкурстың ең жас қатысушысы - 17 жастағы Кристиан Костов «Beautiful Mess» әнін шырқайды. Оның кандидатурасы ішкі іріктеу бойынша бекітілді.
Кристиан Костов Мәскеуде дүниеге келген. Оның әкесі Константин - болгар, анасы Зәуре - қазақ. Зәуре 1985 жылы Мәскеудегі институтқа оқуға түсіп, оны аяқтағаннан кейін Ресейде қалады. «Кристианды өнерге менің үлкен ұлым - Даниел баулыды. Мен Кристиан оның жобасы екенін үнемі айтып отырамын», - деп ағынан жарылды әншінің анасы.
Әншінің ата-анасы оның өнерге деген құлшынысына қолдау білдіріп, төрт жасында «Непоседы» танымал студиясына жібереді. Анасының айтуынша, Кристиан қазақ тілін жақсы түсінеді. Себебі, Зәуре Мәскеуде бизнеспен айналысып жүргенде, оны нағашы атасы мен әжесі тәрбиелеген екен.
«Ұлым Еуровидение байқауына барын салып дайындалуда, күніне алты-сегіз сағат дайындалып жүр», - дейді Зәуре.
Ресейлік әнші Дима Билан «Балалар даусы» (Голос дети) конкурсында Костовтың тәлімгері болған. Костов биыл Мәскеудегі мектептің түлегі атанады.
Ол үш жыл бұрын «Балалар даусы» (Голос дети) байқауында Дима Биланның командасында болып, финалға дейін жетті. Сонымен қатар, 2012 жылы Кристиан «Жаңа толқын» (Новая волна) балалар конкурсына Болгарияның атынан қатысса, 2015-2016 жылдары X Factor жобасының болгариялық нұсқасында өнер көрсеткен.
9-13 мамыр аралығында Киевте өтетін Еуровидениеге 42 елдің өнерпазы қатысады. Қазақстанда аталмыш конкурсты «Хабар» телеарнасы тікелей эфирден көрсететін болады. Оның басталуы Астана уақытымен сағат 01:00-ге жоспарланған.