Ева Корышева: Қазақстан чемпионатының алғашқы жартылай финалына шыққаныма қуаныштымын
АСТАНА.KAZINFORM — Ел біріншілігінде әйелдер мен ерлер арасында жартылай финалға шыққандар анықталды.

Ерлер арасындағы турнирде өткен жылғы жазғы республика біріншілігінің жеңімпазы Григорий Ломакин ширек финалда Тайыр Қайретдиновты 6:3, 6:1 есебімен сенімді түрде жеңсе, енді жартылай финалда Данияр Қалдыбековты 7:6, 6:5 есебімен жеңген Артем Сидоровпен кездеседі.
Никита Николенко мен Рустам Сарманов екінші жартылай финалдық жұпта өнер көрсетеді. Никита Кирилл Колгановты (жарақат) айқассыз ұтса, Рустам Ерасыл Ерділдәні 1:6, 7:6 (7:5), 6:2 есебімен ұтты.
Қыздар жағында ерекше жағдай болған жоқ. Аружан Сағандықова ширек финалда София Малышеваны ұтты — 6:3, 6:0. Жартылай финалда Анастасия Крымкованы 6:4, 6:4 есебімен ұтқан Іңкәр Дүсейбаймен кездеседі. Қазақстан астанасының екі өкілі — Альбина Кәкенова мен Ариана Гогулина арасындағы кездесуде жеңіс Альбинаға бұйырды. Ол финалға шығу үшін Сәтима Төрегенді 6:4, 6:3 есебімен ұтқан 15 жастағы Ева Корышеваға қарсы шығады.
— Ересектер арасындағы ел чемпионатында алғашқы жартылай финалға шыққаныма өте қуаныштымын. Сәтимамен кездесу тартысты өтті, мен агрессивті ойнауға тырыстым және тактика күткен нәтижені әкелді. Менің ойымша, Альбинаға қарсы жартылай финалдық ойын да шиеленісті өтеді, өйткені финалға жолдама бар, — деп атап өтті Ева Корышева.
Бұған дейін хабарланғандай, Елена Рыбакина WTA 1000 турнирінің ширек финалына шықты.