Эвакуацияланған 2 мыңнан астам ақмолалық үйлеріне оралды

Үйлеріне оралды
Фото: Ақмола облысы ТЖД

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Ақмола облысында су тасқыны кезінде эвакуацияланған 2 мыңнан астам тұрғын үйлеріне оралды.

Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда өңірдің бірқатар елді мекендерінде тасқын суға қарсы тұру және одан келетін шығынды азайту, сондай-ақ, табиғат апанының салдарын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Қазіргі уақытта облыс аумағында су тасқыны тұрақты-шиеленісті режимде өтіп жатыр. Елді мекендерді қорғау үшін ұзындығы 44 мың метр топырақтан үйілген жасанды бөгеттер тұрғызылып, нығайтылды. Бұған қоса, 3 млн текше метрден астам су сорылды, инертті материал толтырылған 300 мыңнан астам қап төселді, 85 шақырымнан астам каналдар мен арықтар тазартылды және тереңдетілді, 1443 су өткізу құрылыстары тазартылды», - деп түсіндірді ведомстводан.

Айтуынша, құтқарушыларға, полицейлерге және жергілікті атқарушы органдардың өкілдеріне Малик Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының курсанттары мен офицерлері, сондай-ақ, волонтерлер мен тұрғындар белсенділік танытып, көмектесуде.

«Су тасқыны басталғаннан бері өңірде барлығы 18 мыңнан астам мал қауіпсіз жерге шығарылды. Бұл үй жануарларының жаппай қырылуын алдын алуға мүмкіндік берді. Қазіргі атңда, эвакуацияланған адамдардың 2331-і өз үйлеріне оралды, - деп қосты ведомстводан.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында Жабай өзенінен төнген қауіп сейілгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар