«Евро-5» ретінде өткізілген «Евро-2»: Астанада 20 жүк көлігін заңсыз кіргізген үш адам сотталды
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Қытайдан 20 FAW жүк автокөлігін заңсыз әкелу схемасына қатысқан үш адамға қатысты айыптау үкімі шықты.
Техниканың іс жүзінде «Евро-2» экологиялық класына сай екені, бірақ кедендік рәсімдеу кезінде жалған мәліметтері бар құжаттарды пайдалану арқылы «Евро-5» талаптарына сәйкес ретінде ұсынылғаны анықталды.
2023 жылдың ақпан-мамыр аралығында «Нұр Жолы» және «Бақты» кеден бекеттері арқылы Қазақстанға 20 жүк көлігі заңсыз кіргізілген. Олардың кедендік құны 285 млн теңге.
Кейіннен бұл техника коммерциялық құрылымдар арқылы өткізіліп, мемлекеттік сатып алу аясында «ҚАЖсервис» ЖШС-не жалпы сомасы 605 млн теңгеге жеткізілген.
Сот үш айыпталушыны алдын ала келісіп жасаған аса ірі мөлшердегі экономикалық контрабанда үшін кінәлі деп тапты.
Бұдан бөлек, сотталғандардан мемлекет кірісіне контрабанда затының құны — 285 млн теңге ортақтасып өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетелік Шымкентте 7 мыңнан астам жүк көлігі тексеріліп, 300 млн теңге айыппұл салынған еді.