EXPO кубогына билет алғандар стадионда орынды өзі таңдайды

«Осы жаздың ең басты спорттық шараларының бірі саналатын турнирге билетті «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің кассасы немесе ресми сайты арқылы сатып алуға болады. Екі жасқа дейінгі балалар үшін кіру тегін. Тickets.expo2017astana.com сайты арқылы онлайн билетті сатып алу үшін «Мәдени бағдарлама» тармағына, ал оның ішінде стадионның уақыты мен секторына кіру керек», - делінген ақпараттық хабарламада.
Ұйымдастырушылар сонымен бірге, билеті бар адамдарға орын таңдау еркіндігі берілетіндігін хабарлайды. Сондықтан, ең жайлы орындарды таңдап алу үшін ертерек келуге тура келеді.
Еске сала кетсек, ЭКСПО-2017 көрмесі аясында 5 тамыз күні елорданың «Астана Арена» стадионында «EXPO 2017 Football Cup» халықаралық футбол турнирі басталады. Елордалық стадионда Қазақстан, Ресей, Италия, Германия, Португалия құрама командалары мен әлем құрамасы ойнайды. Турнирде Дино Баджо, Марко Дельвеккио, Нуну Манише, Жан-Пьер Папен, Роман Широков, Валерий Карпин, Александр Филимонов сынды әлемдік футболдың ардагер жұлдыздары өнер көрсетеді.