Exxon Mobil-дің 1999 жылдан бергі ең ірі мәмілесі туралы белгілі болды – БАҚ
Exxon Mobil «мега мәміле» жасасуға дайындық үстінде. Атап айтқанда, Pioneer Natural Resources мұнай-газ компаниясын сатып алу бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы Bloomberg және WSJ-ге белгілі болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Forbes-қа сілтеме жасап.

«Мега мәміленің» сомасы шамамен 60 млрд АҚШ долларын құрауы мүмкін, деп жазды Bloomberg және The Wall Street Journal дереккөз ақпаратына сүйеніп.
Келісімшарт жақын арада жасалуы ықтимал. Бұл Exxon компаниясының 1999 жылы Mobil компаниясымен бірігуінен кейінгі ең үлкен мәміле болмақ. Компания оның көмегімен тақтатас (сланц) мұнайын өндіру жөнінен Құрама Штаттардағы көшбасшы позициясын иеленуге ниетті, деп хабарлайды Bloomberg.
Техас пен Нью-Мексикодағы Пермь бассейніндегі мұнай мен газ кен орындарын біріктіргеннен кейін Exxon тәулігіне шамамен 1,2 млн баррель мұнай өндіре алады. Бұл ОПЕК-тегі елдердің басым деніне қарағанда – көп.
Exxon компаниясы көптеген жылдар бойы Пермь бассейнінен аумақтарды сатып алу мүмкіндіктерін іздеп келді, бірақ бұған дейін ойын жүзеге асыра алмаған, деп атап өтті Bloomberg. Пандемия кезінде мұнай бағасы төмендеді, Exxon ірі жаһандық жобаларға жұмсалатын шығындарды арттырды. Бұл өз кезегінде оның қаржылық жағдайына соққы беріп, компанияны акционерлерге дивидендтер төлеу үшін миллиардтаған доллар қарыз алуға мәжбүр етті.
Мәмілеге дайындықта үлкен жетістіктерге қол жеткізілгеніне қарамастан, оның жасалу-жасалмауы әлі де екіталай, делінген Bloomberg ақпаратында. Exxon да, Pioneer де агенттікке «нарықтағы қауесеттерге» түсініктеме бермейтіндерін мәлімдеді.
Нью-Йорк қор биржасының премаркетінде Pioneer акциялары Мәскеу уақытымен сағат 15:10-да 9,51% өсіп, 235,4 долларды құрады, ал Exxon акциялары 2,9% арзандап, 105,8 доллар болды.