ЭЫДҰ-мен өзара іс-қимыл - Қазақстанның сыртқы экономикалық саясаты басымдықтарының бірі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда еліміздің сыртқы экономикалық саясаттағы басым бағыттарының бірі - Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен тығыз өзара іс-қимылды жолға қою болып отыр. Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуға ұмтылысы бұл ЭЫДҰ-ның барынша үздік тәжірибесі мен стандарттарына негізделген ұзақмерзімді стратегиялық мақсат саналады.
None
None

Есте болса, 2015 жылы еліміз ЭЫДҰ елдік бағдарлама әзірлеген үш елдің біріне айналған болатын. Елдік бағдарламаны жүзеге асыру үшін Қазақстанның іріктеп алынуы да ЭЫДҰ-ға мүше елдердің тарапынан елімізге деген шынайы сенімнің жоғары екендігін көрсетсе керек.

Бұл ынтымақтастықтың нақты нәтижесі ұлттық заңнамамыздың нормаларын Ұйым ұстанымдарымен сәйкестендіру болмақ. Ал бұл өз кезегінде мемлекеттік басқару сапасын арттырып, бизнес жүргізу шарттарын жақсартады, еліміздің іскерлік және кредиттік рейтингісін арттырып, шетел инвестициясы ағынының өсуін қамтамасыз етеді.

Толықтай алғанда, ЭЫДҰ ұсынысы бойынша әзірленген Елдік бағдарламаның шолулары мен құқықтық тетіктері қазірдің өзінде Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратгиялық жоспары жобасында, 2030 жылға дейінгі Отбасылық және гендерлік саясат жөніндегі тұжырымдамасында, 2017-2021 жылдары агроөнеркәсіп кешенін дамыту туралы бағдарлама жобасында және бәсекелестік, инвестициялық саясат және мемлекеттік басқару саласындағы салалық бағдарламаларда көрініс тапқан.

«2016 жылдың қорытындысына сәйкес, Қазақстанның ЭЫДҰ-мен ынтымақтастығы аясындағы екі бағыт бойынша, атап айтқанда бәсекелестік пен инвестициялардағы жетістігін атап өткім келеді. Ағымдағы жылы Қазақстан өз мәртебесін Бәсекелестік жөніндегі комитет қатысушысына дейін көтере алды. Сонымен бірге ЭЫДҰ Қазақстанды Инвестициялар жөніндегі комитеттің қатысушысы ретінде шақыру шешімін қабылдап отыр. Қазақстан Орталық Азиядан аталған комитеттердің қатысушысы болған бірінші ел болды», - деді ҚР Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Сауда саясаты орталығы бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыров.

Соңғы жыл бәсекелестік саясатын дамытудағы сындарлы сәт болды. Өйткені, дәл осы кезеңде заңнаманы ырықтандыруға, оның ішінде антимонополиялық реттеуді жеңілдетуге бағытталған реформалар қабылданды. Антимонополиялық саясаттың жаңа тұжырымдамасының негізі кәсіпкерлерге айыппұл салу емес, бәсекелестік заңнамасының бұзылу салдарын ескерту мен алдын алу болып саналады.

ЫЭДҰ сарапшыларының қазақстандық антимонополиялық тәжірибеге шолуында Қазақстан бәсекелестік заңнамасын жетілдіруші ел ретінде атап көрсетілген болатын.

Жаңашылдықтың бірі ретінде нарық субъектісінің іс-әрекетінде заңнамалы бұзу белгілерінің бар екендігі туралы ескерту институтының енгізілуін атап өтуге болады. Біз алдын алу шараларынан бас тарта отырып, тергеу жүргізусіз-ақ бұзушылықтарды өз еркімен жоюға мүмкіндік беретін принциптерді енгізудеміз.

Бәсекелестік тәжірибеге Yellow Pages Rule ұстанымын енгізудеміз. Оның мәні бәсекелестік ортаны қолдауға, мемлекеттік компанияларға еншілес құрылымдарды құруға шектеу қоюға және бизнес жанданған экономика салаларына мемлекеттің араласуына жол бермеуге бағытталған. Бұған қоса, тұтынушылар үшін тарифтік процесстің әділдігі мен ашықтығын арттыру бойынша да жұмыстар жүргізілу үстінде.

Кәсіпкерлік пен жеке секторды дамыту саласында да ауқымды жұмыстар қолған алынып жатыр.

Қазіргі уақытта Қазақстан өз алдына экономикадағы мемлекеттің қатысу үлесін ЭЫДҰ елдерінің орташа деңгейіне дейін төмендетуді мақсат етуде. Ал бұл көрсеткіш ЭЫДҰ елдерінде 15 пайызды құрайды.

Ауқымды жекешелендіру бағдарламасы да қарқынды жүргізілуде. Оның аясында 700-ден астам мемлекеттік меншік нысанын жеке секторға беру көзделіп отырғандығы белгілі.

2011-2012 жылдары ЭЫДҰ-ның Инвестиция комитетімен Қазақстанның инвестициялық саясатына бірінші шолу өткізілді. Оның қорытындысы бойынша елдің инвестициялық ахуалын одан әрі жақсарту үшін 12-бағыт бойынша ұсынымдар берілді. Осы ұсынымдарды енгізу үшін ЭЫДҰ елдерінің стандарттарын енгізу жөніндегі Кешенді жұмыс жоспары бекітіліп,, оның шеңберінде Үкіметпен ЭЫДҰ-ның ұсынымдарын енгізу бойынша тиісті жұмыс жүргізілді.

2015 жылғы қаңтарда Швейцарияның Давос қаласында Қазақстан мен ЭЫДҰ арасында ынтымақтастық жөніндегі Елдік бағдарламаға қол қойылды, оған Қазақстанның инвестициялық саясатына екінші шолу өткізуге және ЭЫДҰ-ның халықаралық инвестициялар мен трансұлттық корпорациялары туралы Декларациясына қосылуға қатысты мәселелер қосылды.

ЭЫДҰ-ның аталған шолуларының қорытындысы бойынша еліміздің инвестициялық ахуалын одан ары жақсаруына септігін тигізетін нақты ұсыныстар да берілген болатын.

Осы кезең ішінде ұсыныстардың басым бөлігі жүзеге асырылды. Нақты айтқанда, инвесторлар үшін жаңа ынталандыру тетіктері енгізілді, салық ставкалары өзгерген жағдайда тұрақтылыққа кепілдік қамтамасыз етілді, зияткерлік меншік, мемлекеттік жеке-серіктестік құқығын қорғау саласында заңнама қабылданды, инвесторлар үшін «бір терезе» тетігі енгізілді. Қазақстанның ДСҰ-ға кіріп, аталған ұйымға мүшелікке байланысты міндеттемелерді қабылдауы да инвестициялық режім мен сауданың дамуына өз септігін тигізіп отыр.

Инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге және қорғауға бағытталған инвестициялық омбудсмен институты да белсенді жұмыс істеуде. Бұған қоса, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап республикамызда алғаш рет инвестициялық даулар бойынша жеке сот өндірісі де құрылды.

Бүгінгі күні Инвестициялар және даму министрлігі 2016-2017 жылдарға арналған ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша тыңғылықты жаңа жоспар қабылданған.

Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін ЭЫДҰ-ға мүше 19 елдің азаматтары үшін визасыз режім енгізілді. 2017 жылы ЭЫДҰ-ның барлық елдерін қоса алғанда 55 елдің азаматтарына виза талаптарын жеңілдету жоспарлануда. Елдік бағдарлама аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар бізге институттық реформалар аясында қолға алынған жұмыстарды жалғастыруға және Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосу мақсатына қол жеткізуге мүмкіндік береді

Соңғы жаңалықтар