Эйфель мұнарасындағы дау: әйел қызметкерлердің шеттетілуінен кейін компания басшысы қызметінен кетеді

АСТАНА. KAZINFORM – SETE компаниясының, яғни Эйфель мұнарасын басқаратын ұйымның бас директоры Патрик Бранко Руиво осы жылдың соңына дейін қызметінен кетеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

эйфель мұнарасы
Фото: pixabay.com

Бұл шешім индуистік діни ұйым — Bochasanwasi Akshar Purushottam Swaminarayan Sanstha (BAPS) делегациясының 5 қыркүйектегі сапарына қатысты жүргізілген ішкі тексеруден кейін қабылданған.

SETE мәліметінше, делегация өкілдері қонақтардың әйелдермен байланысын шектеу үшін арнайы тәртіппен экскурсия ұйымдастыруды сұраған.

Компания мәлімдемесіне сәйкес, аталған талаптар қабылданған. Делегацияның сапары кезінде Эйфель мұнарасындағы әйел қызметкерлердің бір бөлігі жұмыс орындарынан уақытша шеттетіліп, бөлек бөлмелерде күтуге жіберілген. Ал кейбір қызмет орындарына әйелдердің орнына ер қызметкерлер қойылған.

Тексеру нәтижесінде хаттамалық сапарды ұйымдастыру барысында бірқатар жұмыс тәртібінің бұзылуы мен кемшіліктерге жол берілгені анықталды.

SETE компаниясы әйел қызметкерлерді қызметінен шеттетпеу қажет екенін айтты.

Оқиға қызметкерлердің бір күндік ереуілге шығуына себеп болды. Соған байланысты Эйфель мұнарасы келушілер үшін жабылды.

Қызметкерлердің айтуынша, берілген нұсқаулар әйелдерді жынысына байланысты шеттетуге, олардың орнын ерлермен алмастыруға және елемейтін жағдайға түсірген.

П.Бранко Руиво SETE компаниясын 2018 жылдан бері басқарып келеді. Ол қызметкерлерге жолдаған хатында әйелдерді жұмыстан шеттету туралы тікелей нұсқау бермегенін айтып, соған қарамастан компания басшысы ретінде жауапкершілікті мойнына алатынын мәлімдеді.

SETE компаниясының төрағасы Ариэль Вейль ұйым ішінде гендерлік теңдікті нығайтуға бағытталған оқыту бағдарламалары іске қосылатынын айтты.

Бұл оқиға Францияның саяси ортасында қызу талқыланды. Париж мэрі Эмманюэль Грегуар қаладағы тарихи ескерткіштерде де теңдік қағидаты сақталуы қажет екенін мәлімдеді.

Осыған дейін Францияда оқушылардың наразылық акциясында 400-ден астам адам ұсталғаны туралы жаздық.