19:31, 08 Сәуір 2010 | GMT +5
«Эйр Астана» авиакомпаниясы Қырғызстанға әуе қатынасын уақытша тоқтатты
АЛМАТЫ. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қырғыз Республикасындағы қоғамдық-саяси тұрақсыздыққа байланысты «Эйр Астана» АҚ Алматы-Бішкек-Алматы бағытындағы әуе қатынасын уақытша тоқтатты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл шара сәуірдің 8-інен бастап, шамамен сәуірдің 19-ына дейін созылмақ. Ол жолаушылар мен әуе кемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалып отыр. Компания өз клиенттеріне алдын-ала алынған «Алматы-Бішкек-Алматы» бағытындағы жол билеттерін айыппұлсыз қайтару немесе ауыстыру үшін оны сатып алған жерлеріне хабарласуын ұсынады. Бұл үшін жазбаша өтініш пен түпнұсқа билеті болса жеткілікті.